Ғасыр жасаған театр
07-10 сәуір күндері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Қарағанды қаласында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді. Ғасырлық тарихы бар өнер ордасының бұл сапары – театрдың 100 жылдық мерейтойына арналған үлкен мәдени жобаның бір бөлігі.
Қарағанды жұртшылығы ұлттық театрдың келуін ерекше ықыласпен қарсы алды. Көрермендер тарапынан қойылымдарға деген қызығушылық жоғары, мұны билеттердің бірден сатылып кетуінен білуге болады.
Гастрольдік сапардың алғашқы күнінде театр ұжымы БАҚ өкілдерімен кездесіп, брифинг өткізді. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов гастрольдің маңыздылығына тоқталып өтті:
«100 жылдық мерейтойымыздың алдында барлық өңірді аралап, халқымызбен қайта қауышқымыз келеді. Киелі Арқа елі – өнерді құрметтейтін, мәдениетке жақын жұрт. Қойылымдарымызды қабылдап, өз пікірлеріңізді білдірсеңіздер – біз үшін үлкен мәртебе».
Театр директоры Еркін Жуасбек те Қарағанды жұртшылығының ықыласына риза екенін жеткізді.
– Өнерді сүйетін халық бар жерде театр өлмейді. Қарағандыдағы көрерменнің қошеметі біз үшін – үлкен олжа. Ұлттық театр келгенде жұрттың жылы сөзі мен ықыласы бізге шабыт береді, – деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» арналған салтанатты жиында М.Әуезов атындағы театр ғимараты толығымен қайта жөндеуден өтетінін мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс театрдың 2026 жылғы ғасырлық мерейтойына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
1926 жылы шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебек» трагедиясымен ашқан театр бүгінде ұлттық мәдениеттің символына айналған. Енді, бір ғасырлық тарихын артқа тастап, жаңа дәуірге қадам басқалы тұрған өнер ұжымы халықпен қауышуды басты мұрат етіп отыр.
Ералы Ғани,
«QH»