«Ғасыр саңлағы» қойылымы
Қарқаралыда қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жас мерейтойына орай «Ғасыр саңлағы» атты драмалық қойылым сахналанды. Тарихи тұлғаның өмір жолын арқау еткен спектакльді Қарқаралыдағы Атығай-Шанин атындағы халық театры көрермен назарына ұсынды.
Қойылым авторлары – Қарқаралы аудандық әкім аппаратының баспасөз хатшысы, Журналистер одағының мүшесі Аян Кизкин мен жазушы Жанболат Баймұрын. Ал спектакльдің режиссерлік шешімін Арайлым Құттыбайқызы жүзеге асырды.
Қойылым барысында қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің балалық шағынан бастап, оның өмір жолындағы маңызды кезеңдері, арман мен мақсатқа жету жолындағы табандылығы көркем тілмен сахналанды. Тарихи тұлғаның тағдыры арқылы еңбекке, ерік-жігерге және адам мүмкіндігінің шексіздігіне құрылған идея көрерменге әсерлі түрде жеткізілді.
Режиссер Арайлым Құттыбайқызы Қарқаралыдағы әр премьераның өзіндік салмағы бар екенін атап өтті.
– Қарқаралы үшін әр жаңа қойылым – үлкен оқиға. Біз осы уақытқа дейін бірнеше спектакльді сахналадық. Соның ішінде «Адасқандар», «Тақиялы періште», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Жәмила» секілді туындылар көрермен ықыласына бөленді. Ал «Ғасыр саңлағы» қойылымы мен үшін ерекше жауапкершілік болды. Бұл спектакль арқылы бір адамның тағдыры тұтас ұлтқа үлгі бола алатынын көрсетуге тырыстық. Көрермен тек оқиғаны көріп қана қоймай, рухани әсер алды деп ойлаймын, – деді ол.
Қарқаралыдағы халық театрының шығармашылық жұмысына баға беріп отыратын арнайы көрермендер қауымы да бар. Олар әр қойылымға өз пікірін білдіріп, театрдың дамуына ықпал етіп келеді.
Қойылым авторы Аян Кизкин тарихи тұлғаның өмірін сахнаға шығару үлкен жауапкершілік екенін айтты.
– Автор ретінде айтарым, қойылымның сахналық нұсқасы көңілімнен шықты. Драмалық желі мен кейіпкерлердің сомдалуы сәтті шыққан. Дегенмен әр шығарманың жетілдіретін тұстары болады. Алдағы уақытта бұл бағытта әлі де бірлесіп жұмыс істейміз. Жалпы, жерлесіміз, қазақтың тұңғыш ғарышкерінің өмірін туған жерінде сахналау – маңызды мәдени оқиға болды, – деді ол.
Спектакльде басты рөлдерді жергілікті және жас актерлер сомдады. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің бейнесін Ботахан Мәтелов, бала Тоқтардың рөлін Елдар Мойынтай, анасы Қамияны Аида Әбілқасымова, ал оның досы Есен бейнесін Мардан Әлжан сомдады.
Қойылым барысында кейіпкерлердің ішкі әлемі, өмірлік таңдауы мен адамгершілік ұстанымы көркем сахналық шешімдер арқылы ашылды. Көрермен қауым тарихи тұлғаның өмір жолын тереңірек тануға мүмкіндік алды.
Театр ұжымы бұған дейін де бірнеше ірі туындыны сахналап, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. 2022 жылы облыстық әуесқой халық театрлары байқауында Атығай-Шанин атындағы халық театры бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

