Қасымхан ағаның ән әлемі

Қасымхан Асанов! Бұл есім әнсүйер қауымға бір кездері жақсы таныс болатын. Алдыңғы буын мен орта толқын өкілдері Қасекеңнің кербез әндеріне талай елтіген еді десек, артық айтқандық емес. Көңілді күпті қылатын – бүгінгі ұрпақ… Сондықтан ұрпаққа ұғынықты болу үшін ол кісі дүниеге әкелген әндер шоғырына көз салып көрейік: «Қарамашы, қадамашы көзіңді», «Шәрбанға», «Ойна, балам!», «Жаңаарқа – туған жер», «Сарысу әуені», «Қаракөз», «Қарағанды вальсі», «Сағынамын», «Кетті қайда тәтті сезім баяғы…», «Жарыма» т.б. Міне, осындай лирикалық леппен, сағыныш толы сезіммен айтылатын айшықты әндер тудырған Қасекеңнің өнер жолы әйгілі Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Есбаев, Ескендір Хасанғалиев секілді саңлақ ағаларымызбен қатар басталған екен. Өнер айдынында өзінше жүзе білген сазгердің ақындық қырын айғақтайтын біршама өлең-жырлары және театрларда сомдаған талай образдары бар екен. Мұның барлығы табиғат сыйлаған дарынды толықтыра түсетіндей. Егер шолып шықсақ, көз алдымызда өнер адамының өнегелі өмір іздері менмұндалайды. Ендеше оқи отырыңыз.

Қасымхан Асанов 1937 жылдың 25 ақпанында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Қаражартас ауылында (1-ауылсовет) дүниеге келген. Мектепті 8-сыныпқа дейін Жаңаарқадағы интернатта жатып оқиды. 9-10 сыныптарды Өспен руднигінде жалғастырған. Бұл 1954-1955 жылдар болатын. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы ауылшаруашылық институтының агробөліміне оқуға түседі. «Агроном» мамандығын қалап алған балауса балғын бірінші семестрден соң денсаулығына байланысты елге қайтуына тура келеді. Жылдан аса ауруханада жатқан жас жігітке үш рет ауыр операция жасалып, төніп келген ажалдан аман қалады…

Ең алғашқы әндері де әлгі аурудан құлантаза жазылып, туған ауылдың таза ауасында демалып жүрген шағында жарыққа шығыпты. Сазгерлікке соқпақ салған қарлығаш әндердің дүниеге келуінің де өзгеше тарихы бар.

…1956 жыл. Денсаулықты түзеу үшін туған елінде жүріп жатқан. Жалғыз серігі – домбырасын қолына алып, ауыл сыртындағы төбеге күнде екі-үш рет серуендеп қайтатын. Көңілі құлазыған шақтарда табиғат аясы сезімін сергітіп, жан дүниесін керемет күйге бөлеуші еді.

Бірде төбе басында «Қазақ әдебиеті» газетін қарап отырады. Басылымдағы ақын Жұмағали Саинның топтама өлеңдеріне қызығып, бірнеше қайталап оқып шыққанын өзі де аңғармай қалады. Әсіресе көңілге бірден қона кеткен «Қарамашы, қадамашы көзіңді» және «Шәрбанға» деген екі өлеңі болыпты. Екеуі де өз-өзінен ән тілеп тұрғандай әсер қалдырған. Жүрекке жылы тиген шырайлы шумақтар өн бойын қытықтап, жан дүниесін мазалап, есіл-дертін алып бағады. Әлдеқайдан белгісіз «ән ызыңы» маса сықылды жүрек тұсында ызыңдап тұрып алыпты.

Тамылжыған табиғат. Аспанда бұлт жоқ, күлімдеген бұлбұл күн. Туған жердің саумал да саф ауасы. Төбесінде айналып ұшқан қос қарлығаш. Маңайындағы хош иісті гүлдерге ұшып-қонып жүрген еңбекқор бал арасы. Иә, бәрі-бәрі мынау жанары жәудіреген жарық дүниеге ғашық-тұғын. Осыншама ғажап әсерде отырған жас жігіттің қолындағы жаңағы кестелі сөзбен өрілген екі өлең кенеттен ән болып ұша жөнеледі. «Әуелі қалықтап көтерілгені «Қарамашы, қадамашы көзіңді» атты әнім еді», – дейді Қасекең өткен жылдарға ой жіберіп. Осы сұлу да нәзік әуен өз кезінде талайдың жүрегін жаулап, көңіл-күйлерін көл-дария қылғаны айдай анық. Сосын шарықтап ұшқан – «Шәрбанға» әні. Бұл да – ғашық жарға арналған ғаламат туынды. Анда-санда эфирден дарабоз әнші Қайрат Байбосыновтың орындауында естіліп қалатын. Осынау әндер өмірге келген жер, сол төбе күні бүгінге дейін «Қасымханның ән төбесі» деп аталады. Үшінші ән – «Жұлдыз» журналына шыққан бір ақынның өлеңінен туындаған «Ойна, балам!» деген әні.

Үш әнмен ел арасына ептеп таныла бастаған жас талапкерді 1957 жылдың жазында белгілі сазгер Садық Кәрімбаев ауылға іздеп келеді. Садық ағаның өтінішімен күзге қарай Алматыдағы консерваторияға барады. Бірақ өзі ойлағандай ән бөліміне емес, актерлік факультетке ілінеді. Сөйтіп, актерліктің күндізгі бөлімінде Асқар Тоқпановтың қарамағында төрт жыл оқып, 1961 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. Әрі қарай М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында екі жылдай актер болып, өнердің алғашқы баспалдақтарынан өткен. Тағы да жанұя жағдайымен елге жақын Қарағандыға ауысады. Мұнда С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына актер болып орналасады. Аталмыш орында 15 жылдай еңбек еткен актер әрі сазгер Қасымхан Асанов Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» спектакліне және «Отыз тиын штраф» атты комедияға музыка жазады.

Театрдан соң бес жылдай Қарағандының радиокомитетінде дыбыс режиссері әрі музыкалық бөлімінде еңбек еткен өнерпаз жан бертініректе кәсіподақ саласында да қызмет атқарыпты.

1973 жылы Жезқазғанда Халық шығармашылығын өркендету үйінде директор болып, Жақсыкелді Сейіловпен бірге «Қаракөз» ансамблін құрысқан екен. Ара-арасында Алматыға да ат ізін салып жүрген сазгердің әсем астанадағы атақты өнер тарландарымен етене араласып, олармен сырлас-сыйлас болғаны – өз алдына жеке әңгіме. Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Оспанхан Әубәкіров, Жұмағали Саин, Әсет Бейсеуов тәрізді халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының көпшілік біле бермейтін тосын қылықтарын, өздері куә болған қызықты жайттарды айта отырып, өзі де жанары жасаурап, егіліп кетеді. Сірә, сағыныштан болар. Ондайда: «Қайран Шәкем-ай, жарықтық Мұхам, Оспанхан мен Әсетім-ай…» – деп қатты күрсініп, көңілі босап кетеді. «Шіркін, дүние-ай, сондай ардақты азаматтар, жайсаң жандармен бірге жүргенімізде әңгімеміз ылғи да өлең, ән, жалпы өнер жайында болатын еді», – деп те қояды. Енді бірде көңіл-күйі жайдарыланып, «Ән өмірге қалай келеді?» деген сауалға: «Ән – табиғи құбылыс, тосыннан келер құдірет. Ол көбінесе адамның ұйықтап жатқанда түсіне енеді. Әрине, өңінде жазатындар да жиі кездеседі. Әуелі әннің тақырыбы түске кіруі мүмкін. Біздің тілде мұны «әннің ызыңы» деп атайды. Әлгі «ызың» тура шағатын маса сияқты мазаңды алады. Жанды жеп, өзіңді қоярға жер таппайсың. Негізінде, әсем ән, мәңгілік әуендер сондай қатты қиналыстан кейін дүниеге келеді. Олардың өмірі өте ұзақ, тіпті мәңгілік өлмейді деуге болады. Оған мысал ретінде Шәмші әндерінің кез келгенін айтсақ та жеткілікті. Сұлу әнді түсінде толғатқан адам ондай сәтте ұйқыдан атып тұрып, қолма-қол нотаға түсіргені абзал. Егер ертеңіне есіне түсіре алмаса, ол ән құс құсап ұшып кетеді де, соңында айырылып қалған сазгер өмір бойы өкініп өтеді», – деп ән жайында толғанады ағамыз.

…Қайран Шәмші қайтыс болғанда, Қасекең Шұбаркөлде әскери тәртіпке бағындырылған күзет бөлімінде жұмыс істеп жүріпті. Сондағы көмір қопаратын дәрілер сақтайтын қойманы күзетеді екен. Аяулы достың, ән әлеміндегі жарық жұлдыздың қазасы қабырғасын қайыстырып, жан дүниесі құлазып, тіпті не істерін білмей, қолындағы карабиннің бес оғын бірдей бірінен соң бірін аспанға атқан. Ағыл-тегіл жылап, аспанға оқтар зымыратқан Қасекең өзінің жақын досына деген ішкі жан күйзелісін осылай білдіріпті.

Әсеттің қайтыс болғанын да осы Шұбаркөлде естіген. Қимас достарынан айырылған шерлі жүрек көпке дейін өз-өзіне келе алмай, жабырқау күй кешіпті…

***

«…Бүгінгі күні Қасымхан аға құрметті демалыста. Талай жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткер. Әлі де ән жазу үстінде екен. Амандық болса, алдағы уақытта өзінің жеке әндер жинағын шығармақшы. Қазір соны дайындап жатыр…» – деп жазыппын 2000 жылы 31 тамызда Қарағанды аймақтық «Сана» газетінде шыққан сазгер жайлы сұхбатымда. Мақала тақырыбы – «Осы жұрт Қасекеңді біле ме екен…». Ол кезде Қасекең өмірде бар болатын. Сол мақала жарыққа шыққанда, газеттің бірнеше данасын алып, фотограф Балқан Ахметұлы екеуіміз Қарағандының орталықтағы көшелерінің бірінде тұратын сазгердің үйіне барып едік. Сонда сазгер аға: «Ой, құлындарым-ай, сендерге Алла разы болсын! Мені бір кезде «Орталық Қазақстан» газетінде «Қайдасың, Қасымхан?» деген мақаласымен Кәрім Сауғабаев сұрастырып еді, бүгін өздерің іздеп келдіңдер», – деп екеуімізді де құшақтап алғысын жаудырып еді…

Арада төрт жылдай уақыт өткенде, 2004 жылы Қасымхан ағамыз өмірден өтті. Оған да 18 жылдың жүзі болыпты. Биыл сазгердің туғанына 85 жыл толып отыр. Құжат бойынша, осы жылдың ақпан айында екен. Қарағанды жұртшылығы әлі үнсіз. 70 және 80 жылдық мерейтойлары да аталып өтпеген секілді. Әрине, бұл жерде мүлде атаусыз қалды, насихатталмай жатыр деуден аулақпыз. Осыдан біраз уақыт бұрын журналист Жәнібек Әлиманның «Орталық Қазақстан» газетінде бір мақаласы, ақын Ғалым Жайлыбай ағамыздың «Егемен Қазақстан» басылымында естелігі жарыққа шығып еді. 2012 жылы журналист Жомарт Оспан екеуіміздің атсалысуымызбен, ұрпақтары және туысқандарының қолдауымен ақын-сазгер әрі актер Қасымхан Асановтың «Қарамашы, қадамашы көзіңді» деп аталатын өмірі мен өнерін өрнектеген жинағы жарыққа шығып еді. Сол жолы Топар кентінде Қасекеңе арналған құдайы ас та берілген. Бұған да 10 жыл болыпты. Сонан бері уақыт та, қоғам да, ұрпақ та өзгеріп, алмасып жатыр. Айтып отырғаным – бүгінгі толқын да талантты сазгерді, өзіміздің жергілікті өнерпаздарымызды біліп жүрсін деген тілек-ниетіміз ғой. Осы тұрғыдан келгенде, Қарағандының өнер жанашырларына менің бір ұсынысым – Қасымхан ағамыздың биылғы мерейлі жылында дүрілдетіп той жасап, еңселі ескерткіш қоймасақ та, шағын еске алу рәсімі өтсе деймін. Басқасын айтпағанда, Қарағанды қаласының 45-орамындағы кішірек көшедегі сазгердің соңғы кезде тұрған үйіне белгі-тақта қойып, тіпті сол көшеге есімін берсе де, артық болмас еді-ау?! Н.В.Гоголь атындағы орталық кітапхана немесе Тәттімбет саз-өнер колледжінің бір бұрышынан көрмелер ашылып жатса да, нұр үстіне нұр болар еді.

Біздікі айту, қозғау салу ғой. Ал оқырман қауым бұған не дер екен?..

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі