Қасиетті Рамазан айы: рухани тазару мен игілікке бастар жол
Биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. 26-нан 27 наурызға қараған түн – қасиетті Қадір түні, ал 30 наурыз – Ораза айт мерекесі болып белгіленген.
Пітір садақасы мөлшері
Астанада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді. Бұл садақа мұқтаж жандарға көмек көрсету әрі рухани тазалықты нығайту мақсатында беріледі.
Рамазан айының маңыздылығы
Рамазан – ислам әлеміндегі ең қасиетті айлардың бірі. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстап, таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және басқа да оразаны бұзатын әрекеттерден тыйылады. Ораза – тек тамақтан бас тарту ғана емес, рухани тазару, сабырлылық пен төзімділік, қайырымдылық пен мейірімділікке шақыратын айрықша құлшылық. Сондай-ақ, бұл айда жасалған жақсылықтар мен игі істердің сауабы еселеніп жазылады.
Рамазан айына арналған арнайы қызметтер
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz порталында еліміздегі барлық 6 000 елдімекеннің ораза және намаз уақыттары көрсетілген жоғары сапалы PDF кестесін жүктеуге болады. Бұл кесте мұсылмандарға Рамазан айының күндерін дұрыс жоспарлауға көмектеседі.
Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен @MuftyatBot Telegram-боты іске қосылды. Бұл боттың жұмысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде таныстырылып, оны Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Орынхан жария етті. Жаңа Telegram бот Рамазан айында пайдаланушылардың діни сұрақтарына жауап беру, шариғат мәселелері бойынша ақпарат беру және кеңес ұсыну үшін арнайы әзірленді. Сонымен қатар, бот арқылы Рамазан кестесін жүктеуге мүмкіндік бар. Telegram ботқа қосылу үшін сілтеме: https://t.me/muftyatbot.
Рамазан айы – әрбір мұсылман үшін өзін рухани тұрғыда жетілдіруге, Аллаға жақындауға және қайырымды істерді арттыруға берілген мүмкіндік. Бұл айда ауыз бекітіп, намаз оқып, садақа беріп, игі істер жасау – үлкен сауап. Барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтай отырып, сабыр мен мейірім, бірлік пен татулық тілейміз!
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»
Фото muftyat.kz сайтынан