«ASHYQ» – ҚОРҒАУШЫ МА, «ТОНАУШЫ» МА?

Мемлекеттік тапсырыспен жасалған дүниенің басым көпшілігі шикі шығатынына талай көз жеткіздік. Әсіресе, ІТ саласындағы «жаңалықтарымыз» соған дәлел. «Egov.kz», «Kundelik.kz», «DamuMed» сияқты қосымшалар сынға ілікті. Тиімсіздігі айтылды. Енді олардың қатарына «Ashyq» мобильдік қосымшасы қосылды. Мұндай жағдайлардың орын алуына бір ғана себеп бар: мемлекеттік тапсырыс һәм тендер. Бұл тек сапасыздыққа әкеп тірейді. Басқа ештеңе емес. Осы жүйеден құтылмай дамуымыз екіталай.

Ең алдымен, «Ashyq» жобасына қысқаша тоқтала кетейік. Бұл не? Жобаны «Атамекен» ҰКП, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірлеген. Бүгінде Ashyq қосымшасы бойынша пилоттық режимде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларымен қатар біздің шаһарымызда қызмет көрсету нысандарында іске қосылды. Мәселен, фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, моншалар, кинотеатрлар.

«Ashyq» мобильді қосымшасы QR-код арқылы келушінің вирус тасымалдаушысы емес екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нысандардың халықты қабылдауға әзірлігін және олардың санитарлық талаптарға сәйкестігін көрсетеді.

Ал іс жүзінде қандай? Кәсіпкерлер бұл қосымша арқылы не ұтты? Әлде жеңілді ме? Соңғы кездегі алуан пікірлерге сүйенсек, кемшілік жетерлік. Кемшілік деген жай сөз болар, азаматтардың конституциялық құқығына нұсқан келтіріп отыр.

Осы жөнінде қоғам белсендісі Ольга Юрковскаямен тілдескенімізде, бірнеше кемшілікті ашып берді. Біріншіден, конституциялық құқық негізінде еркін жүріп-тұруымызға қайшы. Екіншіден, заңсыз жеке деректерді үшінші тұлғаға жеткізеді.  Үшіншіден, өзіміздің мәртебемізді тексере алмайды екенбіз. Төртіншіден, емделген адам бәрібір ауырғандардың тізімінде болады. Яғни, қосымшада ақау жеткілікті.

«Көк түсті көрсетсе, ПТР-тестін тапсырмағандар мекемеге кіре алады дейді ереже бойынша. Бірақ, олардың ауырған немесе дертті болуы әбден мүмкін ғой. Дерті анықталмаған, яғни, «жасыл» түстілердің анықтамасы үш күнге жарамды. Ал әр үш күн сайын тест тапсыру – өте қымбат», – дейді Ольга Юрковская.

Ал тағы бір белсенді Мөлдір Сәрсенбаеваның ойынша, билік адамдардың үстінен бақылап отыру үшін осы жобаны құрған.

«Бизнесті әдейі сындырды. Одан кейін бизнесмендерге құтқару қайығын «Ashyq» қосымшасы түрінде ұсынып отыр. «Орнатыңдар – жұмыс жасайсыңдар!». Бизнесмендердің барлығы қуана бұл қосымшаны орнатып, бұл конституцияны, заң бұзатындығын, адам еркіндігі мен бостандықтарын шектейтіндігін, түсіңе қарай дискриминация, аурудың немесе саусың деген дискриминация т.б. жасайтындығын білмей отыр. Түбінде бизнесмендердің қолымен адамдар үстінен толық бақылауды жайлап орнатуда. Бұл қосымша короновирустан қалай қорғайды? Ешқандай. Қаншама адам ауруда, бірақ тексерілмейді және көк статусы бар, барлық жерге кедергісіз кіре бере ме? Қаншама адамда қате, кездейсоқтықпен ПТР-тестің оң немесе теріс нәтижесі бар. Қаншама адамға вакцина салса да ауру нышандары бар. Сондықтан ASHYQ қосымшасы – бұл қажетсіз қосымша, біздің құқықтарымызды бұзады, ақпарат жинайды, бақылауда ұстап және адамдарды дискриминация жасайды», – дейді.

Ал бұған байланысты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Келуші «Ashyq» мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялаудан өтуі және мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. Түстерге бөлу әлеуметтік желілерде талқыланғандай, адамдардың өмірін «бақылауға» және «қадағалауға» арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның карантиндегі пациентпен жақын байланысы бары-жоғын көрсетеді», – деген еді.

Тағы бір еске сала кетейік, аталған ұялы қосымша келушінің індет тарату бойынша тәуекел дәрежесін анықтауға бағытталған. Осылайша аталған қоғамдық орындарға барғандар арнайы QR-кодты кіреберісте көрсетіп, сканерлейді. Бағдарлама халықты «қызыл, «сары», «көк» және «жасыл» мәртебелерге бөле отырып, тәуекел дәрежесін көрсетеді. «Қызыл» – амбулаториялық бақылаудағы адамдар мен үйде оқшаулануға тиіс қатаң режимді білдіреді. «Сары» – науқасқа үйден 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға ғана рұқсат етілгенін көрсетеді. Ал «Көк» – ПТР-тест анықтамасы міндетті орындардан басқа жерлерге баруына ешқандай шектеулер жоқ екенін білдіреді. «Жасыл» келушіге ешқандай шектеулер қойылмайды.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ,

«QH»