Қашықтан оқыту енгізілмейді

Елде коронавирус инфекциясы қайта өршіп, індетке шалдыққандар саны артты. Жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізіліп жатқан шақта, мектептерде білім беру қалай жүзеге асатыны туралы сауалдың да өзектілігі артты. Әсіресе қашықтан оқу мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіргендер көп. Бұл сауалға еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова жауап берді.

Ол «24 kz» телеарнасына берген сұхбатында өңір «қызыл» аймаққа кірген жағдайда білім беру саласына енгізілетін шектеулер жайында айтты.

– Біріншіден, бұл – санитариялық-зарарсыздандыруды күшейту, тазалық жүргізу жиілігін арттыру, кабинеттерді желдету, ауаны зарарсыздандыру. Сонымен қатар кіреберісте сүзгі орнатып, педагогтер мен қызметкерлердің дене қызуын өлшеу қолға алынады, – деді Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, қашықтан оқыту форматы енгізілмейді. Дегенмен «қызыл» аймаққа түскен өңірлерде мәдени, тәрбие іс-шараларын, сынып және ата-аналар жиналыстарын өткізуге тыйым салынады.

– Балабақшаларда топтарды біріктіру арқылы өткізілетін іс-шараларға тыйым енгізіледі. Мектептерде жоғары, орта және төменгі сынып оқушыларын бөлектеу жүргізілуі мүмкін. Бұл олардың мүмкіндігінше бір-бірімен кездеспеуі үшін жасалады. Естеріңізде болса, бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек кіреберіс ұйымдастырған едік, – деді бас санитар дәрігер.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»