Ашық есік күні

Наурыз мейрамына орай Қарағандыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл күні орталықтың қариялары мен зейнеткерлері өнерлерін ортаға салып, Ұлыстың ұлы күнін атап өту үшін арнайы бағдарлама әзірледі. Олар түрлі ұлттық ән мен би ұсынды, сондай-ақ халық шығармашылығы мен қолөнер туындыларын көрсетті. Қарттардың әдемі өнерлері мен шеберліктері мерекенің ажарын аша түсті.

Жиналған жұртшылық көңілді әрі ерекше атмосферада Наурыздың мәні мен маңызына терең бойлап, мейрамның шынайы рухын сезінді. Бұл шара тек қарттарымызға көңіл бөліп, олардың қоғамдағы орнын атап өтумен ғана емес, жастарға да ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізілді. Мерекелік бағдарламаға қатысушылар осындай шаралар арқылы өздерінің өмірлік тәжірибелері мен даналығын бөлісіп, жастарға үлгі боларлықтай ізгі тілектерін білдірді. Көңілді әрі берекелі өткен іс-шара жұртшылықтың көңілінен шықты, ал орталықтың қызметкерлері мен қатысушылар қуаныш пен шаттыққа бөленіп, Наурыз мерекесінің қуанышын бірге бөлісті. Орталықта киізүй тігіліп, мерекелік атмосфера салтанат құрды. Ырыс пен ынтымақтың мейрамында қазан-ошақ қойылып, наурыз көже қайнатылды. Қарттар төс қағыстырып, бір-біріне жылы лебізін білдірді. Күйшілерден құралған «Әгугай» домбыра ансамблі мерекенің шымылдығын түрді. Үміт Қазаққызы орталыққа 3 жыл бұрын келген. Ұзақ жылдар саудамен айналысқан. Осында келгелі жаңа орта тауып, өңірдің шараларына атсалысып жүр. Отбасы оның белсенді өмір сүруіне жағдай жасап, үнемі қолдап отыратынын айтады.

– Осында келетін үлкен буынмен өзіміз «Әгугай» домбыра тобын құрып алдық. Репертуарымызда 10 күй бар. Шараларға қатысып тұрамыз. Домбыраны жас кезде ұстағаннан кейін ұстамай кетіп едік. Осында келіп, қайта үйреніп жатырмыз. Оңай емес. Белсенді ұзақ өмір сұру орталығында басқа да үйірмелер бар, біз үшін барлық жағдай жасалған, – дейді Үміт Қазаққызы.

Ұлттық құндылық пен салт-дәстүрге негізделген көрініс пен мерекелік  бағдарлама көпшілік назарына ұсынылып, тоғызқұмалақ ойынынан жарыс ұйымдастырылды. Ине жіптен игілік иірген ісмерлер де туындыларын көрсетсе, қонақтар орталықтағы сыныптарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Мекеме 2022 жылы ашылды. Бүгінде 2 000 зейнеткер тіркелген. Мұнда 27  үйірме бар. Директордың сөзінше қызмет көрсету түрін ұлғайту жоспарда бар. Қарағандыда алты белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.

– Орталықта қызмет көрсету түрін арттырсақ дейміз. Қазір жоспарлап жатырмыз. Сонымен қатар мұндағы қариялар жыл сайын тегін экскурсияларға барып тұрады. Тіркелген 2 000 қарттың 80 пайызы тұрақты түрде келеді. Бүгін міне Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатырмыз. Бәрі белсенді түрде қатысып жатыр, – дейді Қарағанды қаласы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Саян Жарылғапов.

Орталықтағы мерекелік шаралар жалғасын табады. Айта кетейік, өңірде Наурыз мейрамын мерекелеу осы айдың 14 жұлдызында басталып, 23 наурызға дейін жалғасады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»