Асфальт қайта қопарылды: жөндеу жұмыстары неге алдын ала үйлестірілмейді?
Қарағанды қаласындағы Ерубаев көшесінде қайта басталған жөндеу жұмыстары тұрғындар арасында сұрақ туғызды. Себебі бұл учаскедегі жол жабыны небәрі бір жыл бұрын ғана жаңартылған болатын. Енді жаңа асфальт қайтадан бұзылып, оның орны қазылып жатыр. Бұған себеп – жер астындағы тозығы жеткен инженерлік желілерді ауыстыру қажеттілігі.
Мәселе жол жөндеу мен коммуналдық инфрақұрылым жұмыстарын алдын ала үйлестіруде болып отыр. Егер асфальт төселмей тұрып құбырлардың жағдайы толық зерттелсе, бюджет қаржысы тиімді жұмсалып, тұрғындарға да қосымша қолайсыздық туындамас еді.
Ерубаев көшесіндегі жағдай – қала инфрақұрылымын жоспарлау кезінде түрлі салалардың өзара байланысы қаншалықты маңызды екенін көрсететін мысал.
Былтыр қыркүйек айының соңында бұл көшеде жол жөндеу басталған кезде тұрғындар арасында да пікірталас болған еді. Ол кезде Сәтбаев көшесінен Абай көшесіне дейінгі аралық жабылып, жолдың жаңартылған бөлігі қайта қопарылған. Көпшілік «сапалы асфальт не үшін бұзылып жатыр?» деген сауал қойған.
Әсіресе қалада жөндеуді қажет ететін басқа да көшелер бар кезде, жаңа төсемнің алынуы тұрғындардың наразылығын туғызды. Сол кезде мамандар бұл учаске соңғы рет 2013 жылы жөнделгенін айтып, жолды уақытында жаңартпаса, кейін күрделі жөндеу қажеттілігі туындайтынын түсіндірген болатын.
Алайда араға он ай салып, жағдай қайта қайталанды. Қазір Ерубаев көшесінде тағы да қозғалыс шектеліп, жол белгілері орнатылған. Бағдаршамдар сары түспен жыпылықтап, көлік жүргізушілері айналма жолдарды пайдалануға мәжбүр. Ал арнайы техника былтыр ғана төселген асфальтты қайта бұзып жатыр.
Қала тұрғындары мұндай жағдайдың алдын ала жоспарланбағанына алаңдайды.
– Өткен жылы қаржы бөлінбей қалып, тек асфальт ауыстырылған сияқты. Ал биыл қайтадан бәрін жасап жатыр. Неге бірден қажетті жұмыстардың барлығын жоспарлап, бір уақытта орындамасқа? Екі рет қаржы жұмсап, қайта-қайта қазудың қажеті қанша? – дейді қала тұрғыны Наталья Тунгужбаева.
Тағы бір тұрғын Снежана да жөндеу жұмыстарының үйлесімді жүргізілуі керектігін айтады.
– Жаңа ғана төселген асфальтты қайта бұзып, құбыр ауыстырып жатыр. Мұны алдын ала келісіп, жоспарлауға болмас па еді? Үнемі қазып, қайта асфальттай берген дұрыс емес. Ең бастысы – жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол бұрынғыдан да сапалы болуы керек, – дейді ол.
Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожол бөлімі өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта Ерубаев көшесінде ұзындығы 605 метр жылу магистралі ауыстырылып жатыр. Жоба аясында 273 құбыр орнату жоспарланған.
Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожол бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Тоқмұрзиннің айтуынша, бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымына дайындық мақсатында жүргізілуде.
– Жылу желілерінің тозуы апаттық жағдайға жақын болған. Биылғы жөндеу жұмыстары алдағы жылыту маусымына дайындық ретінде қарастырылып отыр. «Теплотранзит» мекемесі жылыту кезеңінде ақау шығу қаупі жоғары немесе ең қауіпті деп танылған учаскелерді ұсынады. Сондықтан мұндай желілерді ауыстыру – тұрғындарды жылумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қажет, – деді Жанболат Тоқмұрзин.
Мамандардың айтуынша, инженерлік желілерді жаңарту мен жол жабындысын қалпына келтіру жұмыстары өзара байланысты жүргізіледі. Жауапты бөлім өкілдері құбырлар ауыстырылғаннан кейін жол қайта асфальтталатынын және бұл жұмыс жобалық құжаттамаға енгізілгенін атап өтті.
Дегенмен тұрғындарды алаңдататын мәселе бар. Қайта қазылған жерлердің уақыт өте шөгуі, асфальт сапасының төмендеуі және жөндеуден кейінгі жолдың жағдайы – көпшілік үшін маңызды сұрақ.
Жауапты мамандардың пікірінше, басты басымдық – апатты жағдайлардың алдын алу және жылыту маусымында тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету.
– Теплотранзит мекемесі тозығы жеткен және жылыту маусымында қауіп тудыруы мүмкін учаскелерді анықтайды. Асфальттау – келесі кезеңдегі жұмыс. Бұл жерде қыста тұрғындар үшін жаңа асфальтпен жүргеннен гөрі, үйлерінің жылумен қамтамасыз етілуі маңыздырақ деген мәселе бар, – дейді Жанболат Тоқмұрзин.
Алайда бұл жағдай қала инфрақұрылымын жоспарлау мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Жол жөндеу мен инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары бір-бірінен бөлек емес, өзара байланыста жүргізілуі тиіс. Себебі сапалы жол – тек жаңа асфальт емес, оның астындағы барлық жүйенің сенімді жұмыс істеуіне де байланысты.
Қала тұрғындары үшін басты күтілім – жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдың сапалы қалпына келтіріліп, мұндай жағдайлардың қайталанбауы. Ал коммуналдық және жол саласы мамандары үшін негізгі міндет – қаржы мен уақытты тиімді пайдаланып, инфрақұрылымды ұзақ мерзімді жоспар негізінде жаңарту.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

