Қаржылық есеп ұсынбағандарға шара қолданылады

2021 жылға жылдық қаржылық есептілікті ұсынбағаны үшін жариялауға мүдделі ұйымдарға қатысты қабылданған әкімшілік шаралар бойынша ақпарат.

Қазақстан Республикасының 28.02.2007 жылы №234 «Бухгалтерлік есеп пен есептілік туралы» Заңының 19-бабы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қаржылық есептілік депозитариін құру жөніндегі шаралар туралы» 23.12.2008 жылғы №1228 Қаулысы негізінде жариялауға мүдделі ұйымдар үшін қаржылық есептілік депозитариі құрылған. Олар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оған қаржылық есептілікті тапсырады. Қаржылық есептілік депозитариі – жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер, акционерлік қоғамдардың үлестес тұлғаларының тізімі, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпарат қамтылатын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электронды деректер базасы.

Заңның 1-бабына сәйкес, қаржы ұйымдары, акционерлік қоғамдар (коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін ұйымдардан басқа) және жарғылық капиталдарында мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдар, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар жариялауға мүдделі ұйымдар болып табылады. Қарағанды облысында депозитарийдің деректер базасында жариялауға мүдделі 291 ұйым бар.

Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2021 жылы жылдық қаржылық есептілікті депозитарийге уақытылы ұсынбағаны үшін жариялауға мүдделі 17 ұйымды әкімшілік жауапкершілікке тартты, олардың әрекеттерінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 239-бабында көзделген әкімшілік құқықбұзушылық құрамы көрінеді, яғни қағидаларда айқындалған мерзімде уәкілетті ұйымға қаржылық есептілікті ұсынбаған. Департаменттің және Қарағанды облысы соттарының шешімдері бойынша жалпы сомасы 9 626,1 мың теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жазалар салынды.

Қағидалардың 6-тармағына сәйкес жариялауға мүдделі ұйымдар уәкілетті ұйымға сондай-ақ аудиторлық есепті электронды форматта ұсынады. Қаржылық есептіліктің міндетті аудитін жүргізуден жалтарғаны және жариялауға мүдделі 5 ұйымның депозитарийі аудиторлық есепті ұсынбағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 250-бабы бойынша 233,4 мың теңге айыппұл сомасында әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Б.Ж.АЛТЫНБЕКОВ,

Қарағанды облысы бойынша

Ішкі мемлекеттік аудит Департаментінің

№2 сәйкестік аудиті бөлімінің басшысы