Қаржы саласының мамандары марапатталды
Қарағанды облысында қаржы саласының мамандары кәсіби мерекелеріне орай салтанатты түрде марапатталды. Оларға ведомстволық наградалар, облыс әкімі атынан Құрмет грамоталары мен Алғысхаттар табысталды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жиналғандарды құттықтай отырып, қаржы саласының қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.
– Қаржы жүйесі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі тіректерінің бірі. Сіздердің кәсібилігіңізге, жауапкершілік пен есеп-қисаптағы дәлдіктеріңізге бюджет тұрақтылығы, ресурстарды тиімді басқару, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық бастамалардың жүзеге асырылуы тікелей байланысты. Өңірдің әр жетістігінің астарында қаржы саласы мамандарының күнделікті, тынымсыз еңбегі тұр. Сіздердің өңірдің және тұтастай елдің экономикалық өркендеуіне қосып отырған еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін және кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болып, табыстарыңыз еселене берсін, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында аймақтың бірқатар қаржы қызметкерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық саланың дамуына қосқан үлесі үшін» және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының «Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бюджет атқарылуы бойынша есептілік бөлімінің басшысы Гүлбаршын Мизамбаеваға табыс етілді. Гүлбаршын Мизамбаева бұл салаға 40 жыл өмірін арнап, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өз жұмысын жалғастырып келеді. Ол тәлімгер ретінде бірнеше буын қаржыгерлерді тәрбиелеп, саланың дамуына зор үлес қосқан маман.
– Еңбек жолымды Егіндібұлақ ауылында бастадым, ал 1997 жылы басқармаға ауыстым. Барлық әріптестерімді, қаржы және банк саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Экономикамыздың дамуы мен теңгенің тұрақтылығы арта берсін! Әр отбасыға молшылық, өсім мен береке тілеймін, – деді Гүлбаршын Мизамбаева.
Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданындағы қаржы секторында 20 жыл бойы жауапты қызмет атқарып келе жатқан Нұргүл Абдрахманова да марапатталды. Ол еңбек жолын аудан әкімдігі аппаратының экономика бөлімінде маман ретінде бастаған және қазір ауданның қаржы-шаруашылық қамтамасыз ету, азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар бөлімін басқарады.
– Біздің ұжым өте ұйымшыл және тату. Ақылды, білімді, алғыр жастар өте көп. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, молшылық пен отбасы амандығын тілеймін. Еңбектеріңіз қуаныш пен шабыт сыйласын, – деді Нұргүл Абдрахманова.
Айта кету керек, Қазақстанда Қаржыгер күні мен Ұлттық валюта күні жыл сайын 15 қарашада атап өтіледі. Бұл күннің тарихи мәні де ерекше. Дәл осы күні, 1993 жылы Қазақстан Республикасында ұлттық валютачы теңге айналымға енгізілген болатын. Сол сәттен бастап еліміздің қаржы жүйесі жаңа кезеңге қадам басты.
Қарағанды облысындағы салтанатты шара кәсіби мерекенің жоғары деңгейде аталып өтілгенін көрсетті. Бұл қаржы саласы мамандарының тек кәсіби шеберлігін ғана емес, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін де дәріптейді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

