Ғарышқа жол ашқан күн: Қарағандыда тағылымды шара өтті

12 сәуір – адамзаттың ғарышты игеру тарихындағы айрықша күн. Биыл бұл тарихи датаға 65 жыл толып отыр. Осыған орай және қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің алдағы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме мен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шара барысында ғарыш тақырыбына арналған құнды жәдігерлер мен деректер көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің мақсаты – тарихи жадты сақтау, ел жетістіктерін кеңінен насихаттау және Тоқтар Әубәкіровтің отандық ғарыш саласының қалыптасуына қосқан үлесін айқындау. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру да басты назарда.

«Бүгін «Ғарыштағы қазақ ізі» атты көрмеміз ұсынылған. Бұл көрмеде Тоқтар Әубәкіровтің жеке киген кителін, Қарағанды облысының құрметті азаматы атағын алған лентасын көре аласыздар. Сонымен қатар ғарышкерлердің ғарыштағы тұтынатын тағамдары да назарға ұсынылған. Әубәкіров мінген ұшақтардың модельдері мен олардың жеке құрылғылары қойылған. Бұдан бөлек, 2014 жылы ғарышта болған Қарағанды қаласының эмблемасын да тамашалауға мүмкіндік бар», – дейді Сұлтанғазы Серікқазы.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1991 жылдың 2 қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышқа көтеріліп, ел арманы орындалды. Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-ғарышкері ретінде ғана емес, ұшқыш-сынақшы ретінде де ерекше ерлігімен танылған тұлға.

Шарада тағы бір қызықты дерек айтылды: Айдын Айымбетов пен Тоқтар Әубәкіров бір күнде, бір айда дүниеге келген, бір оқу орнын тәмамдаған және ғарышқа ұшқан аралықтары да сәйкес келеді.

«1965 жылы бір оқу орнын бітірген қос ғарышкердің тағдырында ұқсастық көп», – дейді Қарқаралы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Сәтбек Сламбеков.

Кездесуге тарихшылар, өлкетанушылар, кітапханашылар, қоғам өкілдері, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысты. Танымдық шара жас буынға рухани серпін беріп, ұлттық мақтанышқа айналған тұлғалардың еңбегін ұлықтауға бағытталды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»