Қарттарды алдаған алаяқ сотталды

Қарағанды облысында он қарт тұрғынды алдап, ірі көлемде ақша иемденген телефон алаяғы сотталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Тергеу мәліметінше, алаяқ зейнеткерлердің байланыс нөмірлерін интернет арқылы тауып, телефон арқылы психологиялық қысым көрсету әдістерін қолданған. Ол жәбірленушілерді шетелде жүрген туысымен сөйлесіп тұрғанына сендіріп, «сәлемдеме алу үшін» ақша қажет екенін айтып, қаражатты курьер арқылы беруге көндірген. Ақшаны қолға түсірген соң бой тасалап отырған.

Алаяқтың арбауына барлығы он қарт тұрғын түскен. Келтірілген шығын көлемі 50 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін жеткен.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны төрт жыл жеті ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Бұл оқиға Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатының маңызын тағы бір мәрте айқындай түседі. Азаматтардың құқықтарын қорғау, алаяқтықтың алдын алу және құқық бұзушылардың заң алдында жауап беруі – қоғамдағы әділдік пен қауіпсіздіктің басты кепілі. Құқық қорғау органдары тұрғындарды сақ болуға шақырып, күмәнді қоңыраулар кезінде ақпаратты міндетті түрде жақын туыстары арқылы немесе алдын ала белгілі байланыс нөмірлері арқылы қайта тексеруге кеңес береді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»