Қарттарға қажет орталық
Қарағандыда қала әкімдігінің қолдауымен зейнеткерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Басты мақсат – бар ғұмырын еңбекке арнаған азаматтардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау. Қарттар мұнда спортпен шұғылданып, үстел ойындарын ойнай алады. Сондай-ақ шет тілдерін оқып, компьютер меңгерулеріне, домбыра тәрізді музыкалық аспаптарды үйренуге жағдай жасалған.
Қазіргі таңда қаламызда 70 мыңға жуық зейнеткер бар екен. Өмір бойы еңбекке араласып, қоғам өміріне қызу араласқан азаматтар үйде қарап отыра алмайтыны анық. Тіпті ұзақ уақыт бойы белсенді өмір салтын ұстанған азаматтардың бірден тыныштық күйге көшуі олардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
– Әкімшілік бізге үйде қарап отырмай, спортпен шұғылдануға өте жақсы жағдай жасап жатыр. Мұнда ер азаматтар шахмат, дойбы тәрізді үстел ойындарын ойнап, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Мен өзім көпбалалы анамын. «Алтын алқа» иегерімін. Қазір зейнет демалысындамын. Бірақ солай екен деп қарап отырғым келмейді, – дейді зейнеткер Гүлшат Аманжолова.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығына зейнет демалысына күні кеше ғана шыққан азаматтармен қатар жасы сексеннен асып кеткен қарттар да келуде. Олар бос уақыттарын тиімді әрі көңілді өткізуді қалайды. Ал бұл орталық көптің қалауын дөп тауып отыр.
– Мұнда зейнеткерлер көп келіп жатыр. Барлығының көңілі көтеріңкі. Осы орталық ашылады деген хабарды қуанышпен қарсы алдық. Ел басына күн туған шақта тылда еңбек етіп, үш мәрте «Жеңіс үшін» медалімен марапатталдым. Бар ғұмырымды Көмір департаментінде өткіздім. Мұнда үйде қарап отырмайын, бос уақытымды пайдалы әрі көңілді өткізейін деген мақсатпен келдім. Бізге осындай жағдай жасап отырған азаматтарға айтар алғысым шексіз, – дейді 88 жастағы тыл ардагері Тамара Заикина.
Орталық директоры міндетін атқарушы Берік Есеновтің айтуынша, мұнда жазылғысы келген зейнеткерлерден тек үш түрлі құжат талап етіледі. Яғни олар туберкулезбен ауырмайтынын және психологиялық ахуалы бойынша есепте тұрмайтынын көрсетулері керек. Ал үшінші құжат спорт секцияларына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін ғана міндетті. Яғни олар учаскелік дәрігерден рұқсат қағазын алуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі – алғашқы екі құжатты алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Бұл анықтамалар зейнеткердің электронды сандық қолтаңбасы арқылы егов порталынан онлайн алынады. Оны алуға осы жердегі мамандар қолғабыс көрсетеді.
Орталықтың жұмысы 1 маусымда басталған. Қазірге дейін 68 зейнеткер жазылыпты. Оларға йога, би, домбыра үйірмесі тәрізді 11 түрлі қызмет көрсетілуде. Жазылушылар саны да күн артқан сайын өсіп келеді екен. Бос уақытын тиімді өткізгісі келген азаматтар Қарағанды қаласы Ә.Ермеков көшесі, 46/2-үйге барып жазыла алады.
P.S. Бет қатталып жатқан шақта, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова әлеуметтік желідегі парақшасында ақжолтай хабармен бөлісті. Орталыққа жазылып, белсенді өмір салтын ұстануға ниет білдірген зейнеткерлердің саны 105 адамға жетіпті. Бұл сан алдағы уақытта да өсе түсері анық.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»