Қарттарға қамқорлық – зор міндет

Қарағанды қаласына қарасты Сұрыптау станциясында қарттарға арналған Белсенді ұзақ өмір орталығының филиалы ашылды. Орталық елуге жуық азаматқа қызмет көрсетуге лайықталған. Зейнет демалысына шыққан азаматтар осы жерде түрлі тегін үйірмеге қатысып, бос уақытын тиімді өткізе алады.

Шыны керек, саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, қоғамда белсенді болған азамат зейнет демалысына шыққан сәтте белгілі бір деңгейде психологиялық күйзеліске түседі. Бос уақытын қайда жұмсарын білмей іштей тоқырап, сарыуайымға салынуы мүмкін. Мұның бәрі ол адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Мұның алдын алу мақсатында елімізде белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылған болатын. Бұл игі шарадан Қарағанды қаласы да қалыс қалған жоқ. Қалалық әкімдіктің қолдауымен орталықта, Майқұдық пен Пришахтинскіде орталық филиалдары ұйымдастырылды. Кезек қаланың шалғай ауданы саналатын Сұрыптау станциясына да жетіп отыр. Орталық филиалы станциядағы Теміржолшылар мәдениет үйінде орналасқан.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі зейнеткерлерге қызмет көрсету, олардың жастарын ұлғайтуға бағытталған ауқымды бағдарлама әзірлеген болатын. Ол бағдарламаның негізгі мақсаты – зейнетке шыққан азаматтардың үйде отырып қалмай, белсенді болуына жағдай жасау. Осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында қаламызда Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды. Бүгінде орталық қала бойынша бес жүзден астам қартты қамтып отыр. Олар мұнда келген соң скандинавиялық жүріс, би, йога тәрізді спорт түрлерімен шұғылданып, ән-күй үйірмелеріне, шахмат пен дойбыға қатыса алады. Бұдан басқа да өз қызығушылықтарына сай келетін үйірмелерге жазылуларына мүмкіндіктері бар, – дейді Белсенді ұзақ өмір орталығы директорының орынбасары Бекен Уахитов.

Зейнеткерлер орталыққа жеке басын куәландыратын құжаты мен зейнеткер куәлігін алып келуі тиіс. Сондай-ақ дәрігерлік анықтама да тапсырылады. Әрі қарай олармен дәрігерлер және психолог мамандар жұмыс істейді. Дәрігерлер қарттарға қандай спорт түрімен шұғылдануға болатынын немесе болмайтынын айтады. Ал психологтер болса күйзелістен арылып, жарқын өмір сүруге көмек көрсетпек.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»