Арманыңнан айналдым!
Төлтумалары бүкіл әлемді шарлап жүрген, қос қолы жоқ суретші Кәріпбек Күйіков туралы сөз қозғалса, Егіндібұлақ аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы Серғазы Тәуекелов және Қарағанды облыстық «Пятница» жастар басылымының редакторы Салтанат Алшағырова және… кәдімгі Олжас Сүлейменовтің кескіндері көз алдыма келеді. Өйткені Американы ашқан Колумбтай, алақандай ауылда ертелі-кеш аузымен сурет салып, қала берді, асыранды қояндарын жемдеп, бірде мұңайып, бірде күліп елеусіз жүріп жатқан осынау талант иесін тауып, оны алдымен аудан, облыс, республика жұртшылығына, кейін дүниежүзі халқына таныстырған осы адамдар болатын. Сондықтан ба екен, Кәріпбек есімі аталғанда оған ыстық алақандарын тосып, ошақтың үш діңгегіндей демеу болып, жас дарын шабытының шыңдалуына мүмкіндік туғызған бұл үш азаматты еске алмау үлкен әділетсіздіктей көрінеді. Әрине, басты әңгіме бұған да байланысты емес.
Қатыгез тағдыр Кәріпбектей қабілет иесіне кешірместей қысастық жасады. Ол үйінің дәл іргесінде жылдар бойы жасалып келген қарғыс атқыр жарылыстардың зардабынан қос қолсыз туды. Содан бергі жиырма екі жыл өмірінің он жетісін түзде – Шымкент, Ленинград, Вологда, Орел облыстарында – өткізген. Емделіп, қатарға қосылып қайтамын ба деген үміттен ғой…
Ұзақ уақыт бойы стационарлық сауықтыру курстарынан өтіп, екі рет ауыр операция жасатты. Сондағы тірлігінің бекер екендігін білсеші…
Алайда сурет салуға икемділігін сонда жүріп аңғарған. Алғашқыда бала кеудесін астан-кестен еткен мұң-нала мен аласапыран көңіл-күйін ақ қағазға аяқпен түсіріп жүрді. Қанша ыңғайсыз болғанмен қара терге түсіп қиялдағы дүниені мөлдірете бейнелеуге талпынатын. Кейін жалпы ережедегі мектепке ауысқан соң, қылқалам ауызға ауысқан. Булыққан сезімді көңілдегідей етіп шығаруға тырмысып тістеніп отырғанда түрлі-түсті бояуларға көз жасының араласып кететіндігінен бе екен, қолтумалары кәдімгідей әсерлі шығатын.
Ұлы өнер үшін ұлы дерттің де қажет екендігін ол кезде білмепті. Бүгінде үлкен парасат иесі бола бастаған Кәріпбек өзінің өмірге деген берік көзқарасының қалыптасып, ой-өрісінің дамуына туған-туыстан жырақта жүріп, сонау кемтар балалар үйлерінде өткен ауыр балалық шағының ықпал еткендігін жақсы түсінеді. Әділетсіз тағдырға лағынет айтып, жас жүрегі қан жылап, талай рет іштей егілген сәттері де есінде. Бірақ қайсар ұлан егілсе де езілмепті. Мұңайса да мойымапты. Жапон жеріндегі «Генсуикин – Хиросима» комитетінде өткен кездесуде америкалықтар мен филиппиндіктерге, корейлер мен жапондықтарға, Кәріпбектің өзі айтқандай, оның мынау әсем әлем құбылыстарын аялап көретін, дос көңілді ыстық кеудесін қапсыра құшатын қос алақаны болмаса да, өмірге іңкәр жалынды жүрегі күресті тоқтатпақ емес. Ядро кесапаты Кәріпбектің қолдарын алып қойғанмен, асқақ арманының қанатын қия алған жоқ. Ол енді үлкен өнерді ту етіп ұстап, бүкіл өмірін адам баласын бақытсыз ететін, ұрпақтарды мүгедектікке ұшырататын ессіз әрекет атаулыға, әділетсіздік пен қиянатқа қарсы майдан ашпақ.
Қасіретке қарсы қылқаламды қару етуді мұрат тұтқан Кәріпбек қазір творчестволық өрлеу үстінде. Жас суретшінің Ашхабад және Баку қалаларында белгіленген Совет – Үндістан фестиваліне арнап дайындаған туындылары көрермен қауымның ыстық ілтипатына бөленді. Олар, негізінен, табиғатты жарымжан етіп, адамзатты апатқа ұшырататын жер жүзіндегі ядролық жарылыстарды жоюға үндейді, замандастарын ізгілікке, адамгершілікке шақырады.
Бұл күндері де астанамыздағы республикалық арнайы орта көркемсурет мектеп-интернатында К.Күйіков туындыларының жеке көрмесі табысты өтуде. Оның қолтумаларынан, Олжас Омарұлы айтатындай, талантты суретшіге ауадай қажет болған қос қолын ядролық зұлмат құрбандығына берген жастың өмір деп ышқынған жүрек лүпілі жазбай танылады. Біз де Кәріпбектің осынау үлкен өнер жолында арманының ақ қанаты талмай, әрдайым биіктерден көріне беруін тілейміз.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
«Лениншіл жас», 1991 жыл