ҚАРЛАГ – ҚАСІРЕТТІ ҚАРА ТАҢБА
Қарлаг, Ақтөбе, Қамыслаг, Песчаный, Степной, Дальний, Өскемен, Кеңгір арнайы лагері, Петропавл, Жезқазғанлаг… Қазақстанның әр өңірінде осындай атаулармен ГУЛАГ-қа қарасты лагерьлер болды. Кеңес Одағының саяси қылмысымен жазаға тартылған мыңдаған адам осындай еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамалды. Біз сөз еткелі отырған Қарағанды еңбекпен түзеу лагері – ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап аралы.
Зорлап көшіру
Негізінде, Қарлаг аумағы – қазақтың атамекені, ал немістер, орыстар мен украиндер бұл жерге 1906-1910 жылдары қоныс аударды. Айтатын болсақ, 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі, 1 200 неміс, орыс, украин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Ол үшін НКВД-ның әскері пайдаланылды. Немістер мен орыстар, украиндер, негізінен, Қарағанды облысының Тельман, Осакаровка және Нұра аудандарына қоныс аударды. Қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болды: лагерьлерге берілген жердің солтүстік бөлігіндегі халықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Мұның бәрі байлар мен кулактарды тәркілеп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұстас келді. Тәркіленген малдың біразы «Гигант» кеңшарында арнайы ұйымдастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді. Жергілікті халық көшірілгеннен кейін, бос қалған жерлерді тұтқындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылып, теміржол, өздеріне барак, мал қора, күзеттегі жауынгерлерге казарма, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа көбінесе ескі үйлердің материалдары пайдаланылды, «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынды», алайда ол тыйым кейде сақталған жоқ. Бейіттердің бұзылу фактісі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында кездесті. Бұл туралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Сүлейменов Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге арнайы хат жолдады. Хатта былай делінген: «Аудан аумағында Қарлаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Қарлаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды».
Францияның жер көлемімен тең болды
1931 жылы 19 желтоқсанда ОГПУ – ҚазИТЛАГ-қа қараған «Гигант» кеңшарының негізінде құрылған лагерьдің орталығы Қарағанды облысының Долинка ауылында болды. Қарлаг құрамына әкімшілік-шаруашылық, бақылау-жоспарлау, есепке алу, мәдени-тәрбие бөлімшелері және қаржы, сауда, кадрлар, көлік және саяси тұрғыдан бақылаушылар, жедел-чекистік бөлімдер енді. Қазақстанның орталығында орналасқан Қарлаг солтүстігі мен оңтүстігіне шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатты. Ақмола және Балқаш бөлімшелерін қосып есептегенде Қарлагтың ауқымы Францияның жер көлемімен теңеcеді. Онда 29 бөлімше мен 192 түрме салынды. Қарағанды лагері ауқымына, құрылымдық жүйесінің күрделілігіне қарай «мемлекет ішіндегі мемлекет», ал азаптау құралының күштілігі жағынан «даладағы тамұқ» деген атқа ие болды. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көліктері, поштасы мен телеграфы болды. Лагерьдің негізгі мақсаты социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді. Сондықтан түрлі шаруашылық нысаны мен фермалар жұмыс істеп тұрды. Ашылған сәтте оған 47 ұлт өкілінен 2 567 жазасын өтеуші қамалды. 1937-1938 жылдары мұнда 43 мың жазасын өтеуші болды. Орталық кеңсе (қазіргі музей) тікелей Мәскеуге ғана бағынды. Яғни әскерилердің кез келген әрекеті жоғарғы биліктің рұқсатымен ғана жүзеге асты. Бұған соттау, жазалау, өлтіру, еңбекке араластыру, қинау, мойындату кірді. 1933-1935 жылдары жазалау мерзімі тағайындалған адамдарды Долинканың маңайындағы төрт қорымға апарып, он-он бес адамнан атып отырған. 1939 жылы НКВД-ның 42 лагерінің арасында Қарлаг тұтқындар саны жағынан КСРО-да тоғызыншы орын алған. КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық тұтқын отырса, олардың 1-1,5 миллионнан астамы Қарлагтан өткен. Жалпы, ГУЛАГ құрамында 61 лагерь болса, Қарлаг соның ең ірілерінің бірі болды.
Лагерьдегі балалар
Қарлагта ересектермен бірге «халық жауларының» балалары да мерзімдерін өтеді. Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, балалар комбинаттарына тапсырды. Оның да вахтасы, қақпасы бар. Барактары және тікенек сымдары кәдімгі түрмеден еш айырмашылығы жоқ болатын. «Қарлагта» осындай 7 мекеме орналасты. Долинкада 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мамочкин дом», қазақшалағанда «Анашымның үйі» атты арнаулы мекеме жұмыс істеген. Кейіннен ата-анасы толық ақталған Людмила Константинова: «3-4 жастағы сәбилердің ойында не қалады дейсіз? Бірақ бәрібір жадыңа өшпестей болып таңбаланатын айрықша сәттер болады екен. Мысалы, біздерді топтап тоғайға серуенге шығаратыны есімде. Жерден кесіртке немесе қоңыз сияқты бір нәрсе көрсек, жалма-жан ауызға салып, акулаша жұта салатынбыз. Аштықтан бұралған соң солай еткен шығармыз деп ойлаймын қазір. Бізге су берілмейтін, өйткені іш ауруы асқынып тұрды. Өзімнің де өлім аузынан қайтқанымды білемін», – дейді.
Долинканың бір шеті сол сәбилердің қорымына ұласады. Көп ұзамай жермен-жексен болып тегістеліп кеткен қорымның ауқымын анықтау мүмкін емес. «Қолда бар анықтамалық құжаттарға қарағанда, 1943 жылы ғана 450 бала бір мезгілде өкпе қабынуынан қырылып қалған», – дейді Долинка мұражайының меңгерушісі Марина Кушникова. Мұрағат деректері бойынша, мұндай үйлерде балалар өлімі өте жоғары еді. Мәселен, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1 130 сәби опат болған. Қарағанды облысы Абай ауданы Жартас кентінің аумағындағы арнайы молада Қарлаг тұтқындары – әйелдер мен балалардың мүрделері жерленген.
ТҮЙІН
Адамды қанау мен қинаудың ортасы болған Қарлаг тарихы әлі толығымен зерттеліп болған жоқ. Азап пен тозақтың арасында болған тұтқындарды еске алу – парыз. «Қарағанды лагері – қара орамал. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы…» – деп ақын Ғалым Жайлыбай жырлағандай, ешқашан санамыздан өшпесе керек.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
жазушы, журналист