Архивтің терең сырлары

Қарағанды облысының тарихы – бұл тек ресми даталар мен мұрағат құжаттары ғана емес, ең алдымен сол кезеңдерді бастан өткерген адамдардың тағдыры мен өмірі. Өңірдің бай тарихи мұрасы мен көрнекті тұлғаларын зерттеу мен насихаттау бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Осындай мақсатта Қарағанды қаласында «Қарағанды облысының тарихындағы тұлғалар» атты дөңгелек үстел өтті. Шара Қала күніне орай ұйымдастырылып, өңір тарихын зерттеушілер, өлкетанушылар, мектеп оқушылары мен қоғам қайраткерлерін бір арнаға жинады.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – облыстың тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, көрнекті жерлердің есімін қайта жаңғырту және бұрын жабық болып келген, аз зерттелген тарихи беттерді ашу болды. Кездесу барысында қатысушылар саяси қуғын-сүргін тақырыбына ерекше назар аударды. Бұл кезеңде зардап шеккен адамдардың тағдырын еске алып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивінің басшысы Темірғали Аршабеков саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың есімдерін анықтау және олардың ақталмаған тағдырын зерттеу жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.

– Басты міндет саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ әлі күнге дейін ақталмаған Орталық Қазақстан тұрғындарының есімдерін анықтау, – деді ол.

Оның айтуынша, соңғы төрт жылда Қазақстанда аталған тақырыпқа арналған 74 том ғылыми зерттеу жарық көрген. Сонымен қатар өңірлік тарихшылар да жүйелі түрде ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді.

Қарағанды облысының тарихи мұрасын зерттеу тек ғылыми орталарда ғана емес, білім беру саласында да белсенді жүргізілуде. Мектеп оқушылары көрнекті тұлғаларға арналған өлкетану жобаларын жасап, қорғап жүр. Бұл жобалар арқылы аз танылған тарихи тұлғалар, мәдени мұра нысандары мен тарихи ескерткіштер оқушылардың назарына ұсынылады. Сонымен қатар 5-6 сынып оқушылары арасында облыс көлемінде өлкетану пәні бойынша олимпиадалар тұрақты түрде өткізіледі.

Темірғали Аршабеков зерттеу барысында бұрын жабық болған архив материалдарына, соның ішінде прокуратура істеріне қол жеткізілгенін атап өтті. Құжаттармен жұмыс шамамен үш жылға созылып, нәтижесінде ғылыми жинақтар жарық көріп, кітапханаларға тегін таратылған.

Дөңгелек үстелге Қарағанды облысының құрметті азаматы, отандық журналистиканың ардагері, публицист әрі қоғам қайраткері Екатерина Кузнецова, журналист, жазушы, Ortalyq Qazaqstan газетінің бас редакторының бұрынғы орынбасары, «Парасат» орденінің иегері Аман Жанғожин және өлкетанушылар, зерттеушілер мен мектеп оқушылары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар ескі Қарағандының тарихын, көшелердің бұрынғы атауларын, жойылған және сақталған тарихи ескерткіштерді талқылады. Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін жылдарында зардап шеккен адамдардың тағдырын еске алып, ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі лагерьлердің бірі – Қарлагтың қасіретті тарихы қозғалды. Бұл тақырып қатысушылардың жүрегіне ауыр, бірақ маңызды сабақ қалдырды.

Шара соңында Әлімхан Ермеков атындағы лицейдің оқушылары көрнекті ғалым, академик Евней Бөкетовке арналған слайд-шоуды көпшілікке ұсынды. Бұл іс-шара Қарағанды облысының тарихына деген қызығушылықты арттырып, өңірдің мәдени және тарихи мұрасын зерттеудің маңыздылығын көрсетті.

Қарағанды облысының тарихын зерттеу тек өткенді еске алумен шектелмейді. Бұл – бүгінгі ұрпаққа өткен кезеңдердің сабақтарын жеткізу, көрнекті тұлғаларды таныстыру және болашаққа дұрыс бағдар беру. Өңір тарихын насихаттау арқылы қоғамның тарихи санасы артып, келешек ұрпақ өз тамырын, өткенін және мәдени мұрасын мақтан тұта алады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»