Архивистерге артылар жүк ауыр

2020 жылы Үкіметтің қаулысымен мерекелік күндер күнтізбесіне «22 желтоқсан Архившілер күні» болып енді.  «Архившілер күні» ретінде нақ осы күннің таңдап алынуы да тегін емес. Өйткені 1998 жылы дәл осы күні елімізде тұңғыш рет Ұлттық архив қоры жайлы Заң қабылданған болатын. Ал, Арқа төсіндегі тұщымды тарих, құнды құжат, мол мұраны сақтаушы Қарағанды облысының архив қызметіне биыл 85 жыл толып отыр.

Тарихтың тамырын тарқатып,  бүгінді ертенге боямасыз жеткізер архивистерге артылар жүк ауыр. Қазіргі жаһандану заманында қолдағы ақпаратты  өңдеу, сақтау, оны сандық базаға енгізу, жаңа технологияларды меңгеру аса қажырлы еңбекті талап етеді. Осындай білікті маманның бірі Қарағанды облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Жанар Мұқтайқызы Усайновамен сұхбаттасудың сәті түсті.

 – Жанар Мұқатайқызы, өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды деп жатамыз. Елдің өткенін, халықтың тарихын хаттаушы  облыстық архив қызметінің тарихына тоқталсаңыз.

– Қарағанды облысындағы мұрағат қызметі  өз ісін сонау  1937 жылдың 19 желтоқсанында бастаған. Сол кезде Қарағанды Атқару комитеті Президиумының «Қарағанды мемлекеттік мұрағат басқармасын ұйымдастыру және облыстық, аудандық мекемелердің, кәсіпорындардың, колхоздар мен совхоздардың және селолық-ауылдық кеңестердің мұрағат материалдарын ретке келтіру туралы» Қаулысы қабылданған. Ал  1939 жылы Қарағанды облысында 10 аудандық мұрағат қызмет атқарды. Олар: Жаңаарқа, Нұра, Тельман, Қарсақпай, Қорғалжын, Ворошиловский, Вишневский, Ақмола, Қарқаралы, Еркіншілік аудандық мұрағаттары. 1938 жылға дейін архив қызметі Орталық архив басқармасына бағынды.1938 жылдан бастап НКВД жүйесіне өтті.Сол кезден бастап архив құжаттарының көп бөлігіне құпиялылық белгісі қойыла бастады. 1997-2000 жылдары алғаш рет архив мекемесінің міндеті мен қызметі айқындалды. Жалпы архивтің негізгі қызметі ҚР Ұлттық архив қорын толықтыру, сақтау және пайдалану, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды кешенді жүргізу. Осы бағытта талай ондаған жылдарды артқа тастап, бірнеше буынды ауыстырған біздің сала өте көне сала.

  • Бүгінгі күнге дейін қанша қор жинақталған? Оларды сақтау талаптары қандай?
  • Қазіргі уақытта Қарағанды облысының Мемлекеттік архивында 1746 қор, 700 мыңнан астам сақтау бірлігі бар.Ол Қарағанды облысының мекеме, ұйым, кәсіпорынарының, ауылшаруашылық, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына қатысты.Түрлі жеке тұлғалардың, ел үшін еңбек қылған сан сала қайраткерлерінің, шахтер, металлургтердің құжаттары сақтаулы. Архив қоймаларында сақталатын құжаттарға қатысты күнделікті температуралық, санитарлық режимнің шарттары сақталып, қызметкерлердің бұл талаптарды орындауы қатаң қадағаланады. Құжаттар қоймасына кіріп-шығудың өз нұсқаулығы бар. Сонымен қатар файлдағы құжаттардың өшіп кетпеуі үшін серверлеріміздің де сенімді болуын қадағалап отырамыз.
  • «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымы қандай? Қағаз күйінде хатталған  қаншама құжатты электронды құжат айналымына енгізу ауыртпалығы бар шығар.
  • «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес архив қорын, тарихи мұраларды, түпнұсқа құжаттарды кейінгі ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуге зор мүмкіндік туып отыр. Жалпы алғанда, құжаттық дереккөздердің толыққанды кешенін сақтау және оларды жан-жақты пайдалану барысында сандық жүйенің рөлі жоғары. Оның нәтижесінде көптеген сирек қолжазбаларды ұзақ уақыт сақтауға әрі өткен замандардан қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік архивтер дүниесіне ілгері зерттеулер жүргізуге есіктер айқара ашылады.  Бүгінгі таңда елімізде электронды архив құрып, соны іске қосу мәселесі оңтайлы шешіліп келе жатыр. Бұл асығыстықпен жасалатын дүние емес. Сол үшінде мемлекеттік архивтерде ІТ технологиялар енгізілуде. Айта кетер тағы бір жайт, «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі құрылып, архив қорларындағы құжаттарды цифрлау жұмысы кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. «Е-архив» жобасы бойынша да министрлік тарапынан қолдау көрсетілуде. Оған еліміздің IT мамандары еңбектеніп жатыр.

– Архивист мамандар жеткілікті ме?

– Нағыз реставратор, архивист  мамандар әрине қажет. Бізде бұл сала мамандарын даярлайтын оқу орындары аз.  Білікті, білгір  кадр даярлау мәселесі қай кезде де басымдық беретін бағыттардың бірі болып қала беретіні анық. Қызметкерлеріміздің көбі өз елімізде оқып, жоғары білім алып соңғы үлгідегі  техникалармен жұмыс істеуді меңгерген мамандар. Болашақта тарихтың сақталуына жауапты біздің салада білікті мамандар санын арттыру үшін әрине олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Шаң басқан қағаздарды қопара отырып, шежірені қалыптастырар архвистердің жалақасы жақсы деп айтуға келмейді.

  • Тарихтың көзі, дерек пен дәйек қоймасы болған облыстық архив ғимаратының бүгінгі құрылыстық хал-ахуалы сырт көзге сұрықсыз күйде тұрғандай көрінеді.
  • Иә, облыстық архив ғимараты ескі, қоймаларымыз құжаттарға толы. Қазіргі уақыта құжаттарды қабылдайтын және сақтайтын орын тапшы. Бізге көшірмелері бар, реставрация жасайтын арнайы қондырғылары бар, сандық форматтағы құжаттар үшін сыйымдылығы жоғары бірнеше терабайттық аппараты бар ауқымды ғимарат  қажет. Қазіргі ғимарат  1966 жылдан қолданыста  әрі құрылыстық бекемдігі сызат берген.
  • Мерейтиойлы жылда шешілмеген бұл басты мәселе алдағы жылдары оң шешімін тапсын деп тілеймін. Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ.