Ардагерге құрмет – ұрпақ парызы
Қарағанды облысында Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, блокада куәгерлері мен концлагерьдің бұрынғы тұтқындарына құрмет көрсетілді. Тағылымы мол шарада майдан мен тылдың ауыр жылдарын бастан өткерген жандарға ерекше ілтипат танытылып, олардың ерлігі мен еңбегі ұлықталды.
Салтанатты жиын соғыс жылдарының әуендерімен басталып, қонақтарды үрмелі аспаптар оркестрі қарсы алды. Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері құрмет дәлізін құрып, ардагерлерге тағзым етті. Фойеде ұйымдастырылған мұражай экспонаттары мен әскери техника көрмесі өткен күндердің елесін жаңғыртып, келушілерді тарихпен жүздестірді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, олардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
— Жылдар өтсе де, адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста көрсетілген ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сіздер бізге өмірдің қадірін іспен дәлелдедіңіздер. Біздің міндет — осы аманатқа адал болып, бейбіт болашақты бірге қалыптастыру, — деді өңір басшысы.
Бүгінде Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының алты ардагері тұрады. Сонымен қатар өңірде мыңдаған тыл еңбеккері, майдангерлердің жесірлері мен соғыс зұлматын көрген өзге де азаматтар бар.
Майдангер Сұнғат Саттығұлов небәрі 18 жасында соғысқа аттанып, Сталинград шайқасына қатысқан. Жараланса да, қайта сапқа қосылып, Жеңісті Минскіде қарсы алған.
— Елімізде әрдайым бейбітшілік болсын. Соғыстың ауыртпалығын ешкім көрмесін, — деді ардагер.
Тыл еңбеккері Карл Жансағымов соғыс жылдарындағы балалық шағын еске алып, қиын кезеңдердің ел жадында сақталуы керектігін жеткізді. Ал қоршаудағы Ленинградтан эвакуацияланған Вера Волкова қазақ жерінің көрсеткен қамқорлығын ризашылықпен атап өтті.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанып, олардың едәуір бөлігі елге оралмады. Қарағанды облысынан шақырылған 60 мыңға жуық азаматтың 25 мыңы майдан даласында қаза тапты.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

