Қаралы күн
2022 жылдың 28 қазаны Қарағанды облысындағы «Костенко» шахтасында болған қайғылы оқиға Қазақстан тарихында мәңгі есте қалатын қаралы күн ретінде жазылды. Осыдан бір жыл бұрын орын алған жарылыстан 46 кенші қаза тапқан еді. Биылғы осы күнде қаза болған шахтерлердің жақындары мен әріптестері естелік жиынға қатысып, марқұмдарды үнсіз еске алды.
Шахта жанындағы ескерткіш басына жиналған халық марқұмдарға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын қойып, көз жасына ерік берді. Қаралы жиынға ресми сөздер немесе микрофондар қолданылмады. Үнсіздік қана жан тебірентіп, марқұмдардың рухына тағзым етті.
Өткенді еске алу және орны толмас сағыныш
Марқұм болған шахтерлердің жақындары үшін бұл қайғылы оқиға өткен күндерге айналғанымен, жүрек жарасы басылмады. Қаза тапқан Сергей Киселёв пен Сергей Бобряшовтың жақыны Алёна Парамонова: «Шахта жанынан өтуге де жүрегім дауаламайды. Әкемнің жеке заттары ілулі тұрған жерге барып, тірі болуын сұрап дұға ететінмін. Кейін тірілердің табылмағанын түсінгенде, тек оның денесі бүтін болуын ғана сұрадым,» – деп өткен естеліктерімен бөлісті. Шахтер Виталий Мордасовтың қызы Екатерина Мордасова да өз қайғысын бөлісіп, әкесінің жарты ғұмырын шахтада өткізгенін айтты. «Әкем шахтада тура 30 жыл еңбек етті, біз оны тірі шығарып салдық, алайда тірі қайтпады,» – деп ауыр қайғысын жеткізді. Костенко шахтасының бұрынғы қызметкері әрі шахтада қаза тапқан Дима Костенконың анасы Надежда Гудз болса, шахтаның өздері үшін туған үймен тең екенін жеткізді. «Мен 38 жыл, ал күйеуім 40 жыл осы жерде жұмыс істедік, Дима да 31 жыл еңбек етті. Костенко шахтасынан артық жер жоқ,» – деді ол.
Қауіпсіздік шараларын күшейту және жаңа жоспарлар
«Костенко» шахтасындағы жарылыстан кейін Қарағанды өңіріндегі шахталарда қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары қолға алынды. Шахтада алдын ала дегазация, яғни метан газын бұрғылау арқылы шығару тәжірибеге енгізілді. Бұл метан деңгейін 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп, шахта жұмысын қауіпсіз етуге бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен қатар, барлық шахтаның жұмысын қадағалайтын Орталық диспетчерлік қызмет іске қосылып, газ датчиктерінің көрсеткіштері мен кеншілердің денсаулығы үздіксіз бақылауда болмақ.
Жақындарына материалдық көмек және әлеуметтік қолдау
QARMET компаниясы қайтыс болған шахтерлердің отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін ауқымды көмек көрсеткенін атап өту қажет. 46 жұмысшының отбасыларына 4 миллиард 600 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беріліп, әр отбасыға 10 жылдық еңбекақы көлемінде өтемақы төленді. Қосымша, банкте несиесі бар отбасылардың 300 миллион теңгеге жуық несиесі өтеліп, тұрғын үй алуға 1 миллиард 307 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, компания шахтерлердің балаларының оқу ақысын төлеуге де уәде беріп отыр.
Биылғы қаралы еске алу күні қаза болған шахтерлердің отбасыларына құрмет көрсетіп, олардың жан жарасын еске салғанымен, қауіпсіздік шаралары мен қолдау көрсетілгені көңілге медеу болмақ. Қарағанды шахталарындағы қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін барлық тиісті шара қолға алынды деп сендіріп отыр.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»