Қара жолға құм орнына тас төселді

Қарашада жауған дымқыл қар жол қозғалысын ығы-жығы етті. Жолдарды мұз құрсаулап, жол-көлік апаттары көбейді. Көктайғақ салдарын саябырсыту үшін коммуналдық қызмет өзіндік әрекет қылды. Таңмен таласа жүріп жол бойларына тас аралас құм төкті. Қозғалысты қауіпсіз етеміз деп сепкен сол тасты құмның өзі қауіпті болып шықты.

Қарағандылық көлік жүргізушілері әлеуметтік желіде жол бетіне майда қиыршық тас сепкенін және содан көліктерінің әйнектері жарылғанын айтып бейнедәлелмен мәселе көтеруде. Жолдағы тасты құмнан темір тұлпарлардың алдыңғы әйнегі шытынап, жарықшамдарын ақаулаған. Ал оны жөндеу, көлік иелерінің сөзінше, көлік маркасына қарай 300 000 теңгеге дейін қаржыны қажет етеді.

Бірнеше жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Рауан Сәдуақас:

– Бұл деген – күтпеген жерден көлік жөндеуге мәжбүр етер келеңсіздік. Және оған қыруар ақша кетеді. Мәселен, менің көлігім арнайы пленкамен қорғалған. Бірақ тасты құм қатты екпінмен тисе, соның өзі автокөлік шынысын толық қорғай алмайды. Жаяу жүргіншілер үшін де қатерлі. Аялдама маңынан адамдар өтіп жатады, жолдан өтіп бара жатқан автокөліктің жүрісінен кішкене тастар жан-жаққа ұшып, жаяу жүргіншіні жарақаттауы әбден мүмкін ғой. Неліктен біздер жол бойында жүргенде, көлікпен қатынағанда тас ұшады, тас тиеді деп алаңдауымыз қажет?! – дейді.

Жұртшылық шағымынан кейін Қазыбек би ауданы әкімдігінің өкілдері полиция қызметкерлерімен бірге жолдың тайғақ учаскелеріне құм сеуіп жатқан «Тазалық эксперт» коммуналдық кәсіпорнының базасына барды. Құм-тұз қоспасынан тастар табылмады. Дей тұрғанмен аталмыш мекеме басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік өкілі «Олар ең майда фракциялы балласты сатып алған. Сертификаттары бар. Бәлкім, қоспаны елеуіштен өткізгенде, жолға сепкенде тас араласқан болар» деген болжам келтірді. Дегенмен «халық айтса, қалт айтпайды» демекші, құмда қиыршық тастардың бары расталды. Мердігер ұйымға Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы 631-бапқа сәйкес айыппұл тағайындалған. Жолдарда жұмыс жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылыс жайларын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін. Екі ауысымда жүргізілер жұмыс барысы ендігіде әкімшілік тарапынан күнделікті бақылауға алынған.

Сарапшылар «жолдағы майда тастан көлік шынысында ноқат пайда болып, шытынап, сызат түссе, ол одан әрі жарылып кетпеу үшін, бірден сол жерді скотчпен жапсыра бекітіп тастау керек және әйнек жөндейтін шеберханаға хабарласыңыз» деп кеңес айтуда. Ал Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамының мамандары болса мердігерлерді сотқа беруге шақырады. Өйткені бұған да жол-көлік оқиғасы деп қараған жөн.

– Майда тас көлікке тисе, ең алдымен көлікті тоқтатып, габаритті шамдарын жағып, оқиға орнына бірден полиция қызметкерлерін шақырту қажет. Олар оқиға орнына жетіп, болған оқиға фактісін тіркеуі қажет. Қандай шақырымда, қай жерде екенін тіркейді. Ондай кезде көліктің тас тигеннен зақымданғаны көрініп-ақ тұрады. Хаттама толтырғанда және арыз жазғанда 631-бапты көрсету қажет. Ол бапта жолды күтіп ұстау тәртібін бұзу заңсыздығы қаралады. Дәлел ретінде тастары бар жол бейнежазбасын, көлік әйнегін немесе көлік шамдарын ауыстыру құны туралы прайс-парақты да әзірлеп, хаттама толтырған тұлғаға сотқа дейінгі талап-арыз жіберу шарт. Осылайша шығынды талап етуге болады. Жауап болмаса, сотқа шағымданыңыз, – дейді заңгерлер.