Қара қазан қасиеті

Фейсбук деген қызық қой. Әркім өз білгенін жазады. Жазғанына қарап өресін байқап отырасың. Өткенде бір қыз парақшасына қара қазанның суретін салып: «Фууу, қап-қара қазан, қалай тамақ ішеді екен жұрттар!» – деп жазып қойыпты. Қарап отырып қаным басыма шапқаны-ай!

Осының алдында ғана тағы бір қыз ауылға барғанын, үйіліп тұрған тезекті көргенін айта келіп: «Осымен адамдар еще тамақ пісіреді», – деп қойып қалды. Тамырынан безген деген осы шығар. Қазанынан жиіркеніп, тезегінен безінгенін айтсаңшы. Талай шаңырақтың жылуы болған, асыңды алдыңа әкелген осы тезектің құдіреті емес пе еді? Қара қазан талай қазақты аштықтан аман алып қалды емес пе? Аштықты айтпағанда, жаугершілік кезеңде талай қазақты қырып салғанда, қазан астына жасырынып қанша бала тірі қалып еді? Біз солардың ұрпақтары емес пе едік? Енді бүгін ауылымызға газ келді екен деп, кешегі күнімізді қалай тез ұмыта қалдық екен? Біз тарихтан сабақ алуымыз керек, сонда ғана мықты ұлт боламыз. Сол себепті қазан туралы әңгімені біраз қазбалауды ұйғардым.

Жазда ауылға бардым. Барған сайын туған-туысты аралап, марқұмдарға зиярат ететін әдетім. Сонда байқағаным – ауылдағы көне зираттарда төңкерілген қазан жатады. Бірі моланың ішінде, тағы бірі қабір шұңқыры үстінде. Әжем бұрын: «Мәйіт басындағы төңкерілген қазан «марқұмның артында тұяғы қалмады», «оты өшті» дегенді білдіреді», – дейтін. Иә, артында мирасқоры қалмаған соң, қара қазанын басына төңкеріп кетеді екен. Ата-әжелеріміздің «қазанды төңкерме» деп ұрсатыны бекер емес екен. Бейіт басына төңкерілген қазан нені білдіреді? Бұл – өте үлкен зерттеуді қажет ететін мәселе. Сосын біздің кей аймақта қазан орнына шаңырақ төңкеретіндер де бар. Оның да мағынасы осындай, «марқұмның шаңырағы күйреді», «артында мирасқоры қалмады» дегенді білдіреді. Қазақ не айтса да қалт айтпаған екен. Бүкіл ырым-тыйымның астарына мұқият мән берсең, дүниедегі бар қорқыныштан сақтандырып кеткенін байқайсың.

Рас, қазақтың қазанға қатысты ырымы көп. Қазақ қызға ешқашан қазан бермеген. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан тұқымдары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, Құран оқытып, басына қазан төңкерткен. Біздің елде қазанға қатысты тағы бір ырым бар. Суға батып кеткен адамды қазан арқылы табады. Адам суға кетсе, үйіндегі қазанын суға жібереді. Алланың құдіретін қараңызшы, әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады. Бала кезде мұндайдың талайын көріп таңғалғанбыз.

Қазақтың таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Мысалы, Түркістандағы тайқазанды алайықшы. Бұл тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұрамыз. Бұл тайқазан – тұтастығымыздың, игілікті істердің символы. Тайқазан сонау 1399 жылы сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. «Кімде-кім Алла Тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Соған қарағанда, бұл тайқазан кесененің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған сияқты. Сондықтан Әмір Темір заманынан қалған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төрінде тұрған тайқазанды құр қаңсытпай су құйып қойса, зиярат етіп келген адамдар судан ішіп шөлін басса, пайғамбар сүннетін орындағанымыз болмай ма?

Негізінде, мұндай алып қазан жасау дәстүрі сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінде де болған екен. Қазақ береке мен бірліктің белгісі санағандықтан мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабіріне қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап марқұмның жай адам емес, ел билеген көсем, жау жапырған батыр болғанын білген.

Бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін алауыздық жайлай бастапты. Сол кезде ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Сақ сарбаздары жебелерінің мыс масағын жинап балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан сақтар өкпе-наздарын ұмытып, қазан басында қайтадан татуласқан. Мұны тарихтың атасы Геродот: «Сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан», – деп жазады. Қазан қазақтың қорғаны да болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып аман алып қалған.

Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылумен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқарашылық болып саналған. Тарихта Олжабай бастаған батырлардың Ботаханды тірідей жерге көміп, қазанын алып кететіні – соның мысалы. Тағы бір мысал: Абылай хан Көкшетаудан көшкенде Бекболат бидің қуып келетінін біліп, өз қара қазанын жұртына тастап кетеді. Мұны Бекболат би дұрыс түсініп, атының басын кері бұрған. Міне, біздің бабалар қарапайым қазан арқылы үлкен философиялық ой-толғамдарды жеткізуші еді.

Серікбол ХАСАН,

ақын, журналист