Қарағандының цифрлық келбеті

Мемлекет басшысы биылғы жылды елімізде «Цифрландыру және Жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Бұл стратегиялық бастама еліміздің әрбір өңіріне үлкен серпін беріп, заманауи технологияларды енгізу талабын күшейтті. Осы орайда, Қарағанды қаласында цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен жаңғырту бағытындағы жұмыстар ерекше қарқын алды. Тұрақты мобильді байланыс пен сапалы интернет бүгінде жай ғана қажеттілік емес, кеншілер шаһарының экономикалық әлеуетін арттыратын басты қозғаушы күшке айналуда.

Соңғы жылдары Қарағандыда ғаламтор пайдаланушылар саны геометриялық прогрессиямен өсті деуге болады. Қашықтан жұмыс істеу үрдісі, онлайн білім беру платформалары, электронды мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистердің кең қанат жаюы қолданыстағы байланыс желілеріне түсетін салмақты айтарлықтай арттырды. Осыған байланысты қалада талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңейту, базалық станцияларды заман талабына сай жаңғырту және жаңа байланыс нысандарын орнату жұмыстары кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

 

Жоғары жылдамдық – даму кепілі

Интернеттің жоғары жылдамдығы – жергілікті кәсіпкерлікті өркендетуге, аймаққа қомақты инвестиция тартуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар, байланыс жүйелерін жаңарту білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы ең озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін тиімді қолдануға даңғыл жол ашпақ.

– Бүгінде цифрлық технологиялар әрбір адамның өміріне етене енді. Сондықтан біздің басты міндетіміз – Қарағанды қаласының барлық тұрғынын сапалы әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз ету. Қала тұрғындары мемлекеттік қызметтерді онлайн алады, балалар қашықтан білім беру платформаларын пайдаланады, кәсіпкерлер цифрлық құралдар арқылы бизнесін дамытады. Мұның бәрі сапалы байланысқа тікелей қатысты, – дейді Қарағанды қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Константин Ильницкий.

 

Инфрақұрылымдық жаңғыру

Қарағанды қаласында жаңа буындағы 5G технологиясын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи желі тек интернет жылдамдығын арттырып қана қоймай, «ақылды қала» (Smart City) жобаларын толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Инновациялық бастамаларды қолдау мақсатында қаланың барлық дерлік тұрғын аудандарында қолданыстағы инфрақұрылым толық жаңартылып, желілердің тұрақтылығын күшейту бойынша ауқымды шаралар жалғасып жатыр.

– Қазіргі таңда қалада телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз байланыс операторларымен бірлесіп жаңа базалық станцияларды орнату, қолданыстағы желілердің өткізу қабілетін арттыру және тұрғындар тарапынан жиі шағым түсетін аумақтардағы байланысты жақсарту мәселелерін тұрақты бақылауда ұстап келеміз. Әсіресе жаңа тұрғын үй кешендері мен қарқынды дамып жатқан шағын аудандарға ерекше назар аударылады. Қала кеңейген сайын цифрлық инфрақұрылым да қатар дамуы қажет, – дейді Қарағанды қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Константин Ильницкий,

 

Келешектің кемел технологиялары

Жаңа құрылыс аудандарында интернет пен мобильді байланыстың сапасын алдын ала қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар ерте бастан жоспарлануда. Бұл заманауи урбанистиканың маңызды талаптарының бірі.

– Болашақта 5G технологиясының қамту аумағын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл тек интернет жылдамдығын арттыру ғана емес, сонымен қатар көлік, қауіпсіздік, денсаулық сақтау және коммуналдық қызметтер саласындағы заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Қарағанды цифрлық трансформацияның маңызды кезеңіне аяқ басты. Цифрландыру – бұл жай ғана технология емес, ол тұрғындардың өмір сапасын арттырудың тиімді құралы. Сондықтан біз әрбір қарағандылық үшін қолжетімді, ыңғайлы және заманауи цифрлық орта қалыптастыруға күш саламыз, – дейді басшы.

Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, байланыс инфрақұрылымын осылайша кешенді дамыту Қарағанды қаласының инвестициялық тартымдылығын еселеп арттырады. Ең бастысы, бұл қадамдар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және Президент алға қойған цифрлық экономиканы құру міндетіне тікелей әрі оң әсерін тигізбек.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»