Қарағандыны су басты

Осы аптада Оңтүстік- Шығыс ауданының біраз бөлігі су астында қалды. Тасқынға тас түйін әзірміз деп есеп берген жергілікті билік өкілдері табиғаттың тосын мінезінен тосырқап қалғаны рас. Салдарынан бірнеше үйдің жертөлесіне су кіріп, тұрғындар әбігерге түсті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Биыл Арқада қыс бойы жаумаған қар наурызда төге салды. Мамандар ақ мамықтың айлық мөлшерден 2,5 есе асып түскенін айтады. Ал сәуірдің басында күн күрт жылынып, ауа температурасы тіпті 22 градусқа дейін жетті. Жер тоңы жібімегендіктен, даладағы қарғын су қалаға қарай ағып, санаулы сағатта бірнеше ықшамауданды басып қалды. Өте көп мөлшерде келген суды кәріз құдықтары қабылдай алмай, ернеуінен асып төгілген. Шамамен 500 мың текше метр су келді деген болжам бар.

— Бұрындары қарғын су қала сыртындағы арықпен ағып, Бұқпа өзеніне құятын. 90 жылдары бұл маңда жаппай құрылыс жүріп, арықтың үстіне үй салып тастаған. Соның салдарынан даладағы су жылға- жылғамен қалаға ағады. Бұдан құтылудың жалғыз жолы — жаңадан суағар жасау, — дейді шаһар басшысы Ермағанбет Бөлекпаев. Бірақ ол жұмыстар тек келесі жылы басталмақ.

Әкімнің айтуынша, алғашқы күндердің өзінде көмек сұраған жұрттан 220-дан астам хабарлама келіп түскен. Оның жартысынан көбі — Қазыбек би ауданының тұрғындары. Әсіресе Тәттімбет, Университет көшелері мен Гүлдер, Степной ықшамаудандары көп зардап шеккен. Көпқабатты 22 үйдің жертөлесі мен екі дүкенге және жеке сектордағы 28 үйге су кірген. Коммуналдық қызмет мамандары Үштөбе ауылы маңынан толассыз келіп жатқан суды тоқтатуға бөгет салғанмен, бұзып кетіп, әп-сәтте Тәттімбет көшесіндегі 5 бірдей көпқабатты үйдің жертөлесі толып кетті. Ал Университет көшесіндегі үш үйдің тұрғындарын уақытша қауіпсіз жерге көшіруге тура келді. Суда қалған баспаналарды электр қуатынан ажыратып, 36 отбасының көпшілігі туған- туысты жағалап кетсе, 23 адам қонақүйге орналастырылған. Қала әкімінің айтуынша, келешекте бұл үйлер мүлдем сүрілуі мүмкін. Себебі әу баста дұрыс салынбаған. Бұқпа өзенінің бойында тұр.

Қазіргі күні қарғын судың қарқыны аздап басылды. Жертөледегі суды түгел сорып, кептірген. Осы күндері құтқару жұмыстарына 681 адам мен 238 техника жұмылдырылыпты. Тіпті көлкіген судан үйлерінен шыға алмай қалған жұртты трактордың қалағымен тасуға мәжбүр болған. Ал № 101 № 23 және № 102 мектеп- гимназияларының оқушыларын уақытша қашықтан оқытуға тура келді.

Синоптиктер апта соңында күннің сәл салқындайтынын айтады. Бірақ босаңсуға болмайды. Тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Өңірдегі Нұра, Есен, Жарлы, Сабырқожа, Жаманкөл секілді өзендер арнасынан асуға шақ тұр. Ондағы сеңді қозғау үшін 15-ке жуық жарылыс жұмысы жүргізілген. Қазір облыстағы ең ірі Самарқанд суқоймасына секундына 170 текше метр, ал Шерубай- Нұра суқоймасына 162 текше метр су келіп жатыр. Республикалық, облыстық маңыздағы күре жолдар тәулік бойы бақылауға алынған. Қазір Қоянды ауылына қатынас тоқтады. Су күре жолды бұзып өткен.

Асыл АЙБЕК,

«QH»