ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДЫ КӨМІРДІ УАҚЫТЫЛЫ САТЫП АЛУҒА ШАҚЫРАДЫ

Қарағанды облысында көмір саудасын жүзеге асыратын 34 нүкте бар. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен жиында өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков «қара алтынның» жағдайы қандай екеніне тоқталды. Алдағы жылыту маусымына дайындық онлайн-форматта талқыланды.

Бүгінде қарағандылықтарға көмірді бір шахта мен тоғыз разрез жеткізеді.

— Биыл көмір өндіру көрсеткіші 23,8 млн тоннаға жуық болады деп күтілуде. Бұл 2020 жылға қарағанда 5% – ға жоғары. Сонымен қатар, өткен жылы халыққа және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге 4,9 млн тонна көмір тиелді, ал 2021 жылы жоспарда 5,6 млн тонна жеткізу тұр,- деді Мұрат Қыдырғанбеков.

Көмір өндіруші кәсіпорындарда көмірді тікелей разрездерден шығару үшін алаңдар дайындалды. Осы айдан бастап бюджеттік ұйымдар мен халық үшін жөнелту жүргізілуде. Барлығы 34 көмір сату нүктелері ұйымдастырылған. Оның 24-і — теміржол тұйықтары болса, 10-ы — арнайы қоймалар.

– «Шұбаркөл Көмір» компаниясы күн сайын Қарағанды облысына 19 вагоннан тиейді, — деп есеп берді ҮИИДБ басшысы. — Сұраныстың артуына байланысты осы айда жөнелтуді 35 вагонға дейін, ал қыркүйектен бастап 40 вагонға дейін жеткізу қажет.

Билік қыркүйек – қазан айларында дүрбелең болмас үшін тұтынушыларды көмірді қазір сатып алуға шақырады.

Бұдан бөлек, барлық өңір бойынша жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары бақылауда қалып отыр. Облыстың барлық станцияларында негізгі және қосалқы жабдықтарда жоспарлы күрделі жөндеу жүргізіледі.

– Бүгінде 9 қазандық пен 6 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 12 қазандық пен 5 турбина жөндеуде қалады. 2-ЖЭО, 1-ҚарГРЭС жөндеу жұмыстары кестеден кешеуілдеп жүргізілуде,- деп атап өтті энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Сондай-ақ, биыл облыстың қалалары мен аудандарын газдандыру жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігімен үнемі қадағаланып отырады.

Өңір басшысы барлық қалалар мен аудандар басшыларына жылу беру маусымына дайындықты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

— Бюджеттік ұйымдар үшін көмірдің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету керек. Бағаның тұрақты болуы үшін үнемі мониторинг жүргізіп тұрған дұрыс. Баға қазір тұрақты, бірақ жаппай сатып алу басталғаннан кейін бірден көтеріледі. Көмірдің жеткізушілермен бірге қоймаларда, тұйықтарда және өткізу орындарында да қосымша болуын пысықтау қажет, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»