Қарағандылық құтқарушы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Қарағанды облысы ТЖД Осакаров ауданы № 17 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобильдерінің жүргізушісі Сымбат Ещановқа адамдарды құтқару кезінде қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасы табыс етілді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 3 қаңтарында республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург автожолында Нұра – Қарағанды бағытындағы автобус қар құрсауында қалып қойған болатын. Құрамында Сымбат Ещанов бар құтқарушылар тобы ішінде бес бала бар барлығы 30-дан астам жолаушыны эвакуациялауды қолға алды. Ауа райының нашарлауына байланысты Сымбат Ещанов жолға шығып, көліктердің алдында жаяу жол бастап жүруге шешім қабылдады. Құтқарушының ерлігінің арқасында барлық жолаушылар эвакуациялық пункттерге аман-есен жеткізілді.
Азаматтық қорғау аға сержанты Сымбат Ещанов 2012 жылдан бері азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп келеді. Ол төтенше жағдайларды жоюға, сондай-ақ құтқару және эвакуациялау жұмыстарына бірнеше рет қатысқан.
Қарағанды облысы ТЖД ақпараты негізінде