Қарағандылық ұстаздар үздіктер сапында

Қарағандылық ұстаздардың сайыста «Үздік педагог – 2022» атағын иеленгені белгілі болды. Жеңімпаздардың есімдерін Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Facebook парақшасында мәлімдеді.

– «Үздік педагог» атағын беруге арналған республикалық байқау аяқталды. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты. Биыл алғаш рет конкурстың барлық кезеңі (қатысушыларды тіркеуден бастап, республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін) ақпараттық жүйелер арқылы веб-порталда жүзеге асырылды, толық цифрландырылды. Байқаудың тағы бір маңызды ерекшелігі – республикалық турдың II кезеңінде біздің мұғалімдер Астана қаласының мектептерінде сабақ өткізіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін тағы да растады, – деген Гүлсім Қожахметова жеңімпаздарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен, «Үздік педагог – 2022» байқауында №1 білім-инновация лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Ахметов, Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің математика оқытушысы Елена Свердлова және М.Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Әлжанова жеңіске жетті.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл «Үздік педагог» атағына 123 үміткер болған. Оларды конкурсқа 5,5 мың қатысушының арасынан іріктеп алды. Нәтижесінде 64 жеңімпаз іріктелді. Олардың барлығы 3 млн теңгеден (1000 АЕК) сыйақы, сондай-ақ куәлік пен төсбелгі алады.

«Үздік педагог» республикалық байқауы Қазақстанда 2012 жылдан бері өткізіліп келеді.