Қарағандылық ұстаздар олжалы оралды

Алматы қаласында дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауы өтті. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға еліміздің әр қиырынан 250 ұстаз қатысып, жеке тәжірибелерін ортаға салған-ды. Олардың ішінде 95 мұғалімнің жұмысы үздік танылып, марапатқа ұсынылды. Ал шәкірт тәрбиелеуде шеберлік таныта білген 56 ұстаз ерекше жетістіктері үшін марапатталды. Республикалық деңгейде өткен байқауда марапат алған мұғалімдердің қатарында қарағандылық ұстаздар да бар.

Қарағанды облысының атынан байқауға 10 мұғалім қатысқан еді. Олар – қатардағы көптің бірі емес, осы байқаудың облыстық кезеңінде топ жарып іріктелген сайдың тасындай білікті маман. Олар өздерінің озық тәжірибелерін республикалық байқауда да сәтті қорғай білді. Мәселен, қоғамдық-гуманитарлық пәндер бағыты (орыс тілі мен әдебиеті, шет тілдері) бойынша Қарағанды қаласы С.Сейфуллин атындағы гимназия мұғалімі Бағдат Амангелдинова І дәрежелі диплом иегері атанса, «Психологтің қоржыны» бағыты бойынша № 6 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КМҚК логопед-мұғалімі Ольга Ким ІІ орын алды. Сондай-ақ қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер (қазақ тілі мен әдебиеті) бағыты бойынша жүлделі ІІІ орын «№2 БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арай Абдрахмановаға, физика-математикалық бағыттағы пәндер бойынша ІІІ орын Қарағанды қаласындағы «Қ.Нұржанов атындағы гимназия» КММ математика пәні мұғалімі Марина Поповаға бұйырды. Бұдан бөлек ІІІ дәрежелі дипломға «Қолданбалы цикл» бағыты (дене шынықтыру, технология, қолөнер, АӘД, сәндік-қолданбалы өнер, музыка) бойынша Саран қаласы «№ 6 ЖББМ» КММ көркем еңбек пәні мұғалімі Юлия Головчанская және «Сабақ аяқталған соң…» бағыты бойынша Саран қаласы «№ 2 ЖББМ» КММ педагог-ұйымдастырушысы Илья Карпов ие болды.

Облысымыздың байқауға қатысқан педагогтері «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталарымен марапатталды. Олардың арасында «Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия» КММ директорының орынбасары Бану Түсіпханова, Абай ауданының «Қ.Сәтбаев атындағы қосымша білім беру мектеп-орталығы» КММ бастауыш сынып мұғалімі Марина Ткачева, «Дарын» ММЛИ химия пәні мұғалімі Салиман Шибаева, Қарағанды қаласының «№ 100 кешкі мектеп» КММ тарих пәні мұғалімі Шалқар Адамбаев бар.