Қарағандылық шебер
Бала қиялы мен арманы қолөнер туындысы арқылы кескінделген. Қарағандылық дарынды шеберлер жасаған бірегей туындылар Балаларды қорғау күні мерекесінің көркін келтірді. Мұндағы әрбір бұйымның тарихы бар. Балалардың қуанышы мен арманын көрсетеді.
Валерий Роголев миниатюралық өнер жанрындағы жұмыстарымен танымал. Ол – «Балалық шақ мерекесі» инсталляциясының авторы. Бір жылдың ішінде шебер қажетті бөлшектерді жинап, бір аптада сиқырлы қалашықты әсем үлгіде жасап шықты. Автор бұл туындыны Балаларды қорғау күніне орай арнайы әзірлеген. Автордың пікірінше, инсталляция балалар мен ересектердің жүзіне күлкі ұялатуы керек.
– Инсталляцияда саябақ та, хайуанаттар бағы мен түрлі әткеншек, көл де кескінделген. Қызықты деген көрініс біршама көп. Бұл инсталляция 1 қыркүйекке дейін Абай атындағы кітапханада келушілер назарына ұсынылады. Келіп көрсеңіздер болады, – дейді инсталляция авторы Валерий Роголев.
Қалашықты жан-жақтан қарап және көз сала зерделеген сайын жаңа детальдар, үйлесімді көріністерді тауып, шебердің өнеріне сүйсіне түсесіз. Арнайы бұйымдарды әдемі үйлестіргені соншалық, мұнда тіпті ертегі кейіпкерлерін де көруге болады. Дегенмен нағыз ғажап көрініс инсталляцияны отырып зерттегенде басталады. Қаланың шынайы өміріне, оның тұрғындарына назарыңыз ауады. Әрбір көрініс егжей-тегжейлі ұсынылған. Сіз пойызбен саяхаттай аласыз, көшеде жүрген қала тұрғындарын бағдарлап, қоршаулар жанынан хайуанаттар бағын да аралай аласыз. Барлығы – керемет көрініс және сүйіспеншілікпен жасалған, бұл инсталляция нағыз өнер туындысына айналады. Қала өмірінің ықшамдалған көрінісі Абай атындағы кітапханада 1 қыркүйекке дейін ұсынылады. Осынау тамаша туынды кітапханаға келетін балалар мен ересектер назарында болмақ.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»