Қарағандылық оқушылар АҚШ-та өткен халықаралық чемпионатта топ жарды

АҚШ-тың Хьюстон қаласында сәуірдің 16-19 күндері аралығында өткен FIRST Championship 2025 халықаралық робототехника чемпионатында Қазақстан құрамасы айтарлықтай жетістікке жетті. Әлемнің 50-ден астам елінен жиналған 1058 команданың арасынан еліміздің атынан қатысқан жеті команданың алтауы түрлі аталым бойынша марапатқа ие болды. Бұл – Қазақстанның STEM бағытындағы білім беру саласында қол жеткізген ең ірі халықаралық жетістіктерінің бірі.

FIRST (For Inspiration and Recognition of Science and Technology) – ғылым, технология, инженерия және математика салаларын жастар арасында дамытуға бағытталған халықаралық ұйым. Чемпионатқа қатысушы командалар өздері құрастырған және бағдарламалаған роботтар арқылы түрлі тапсырманы орындайды. Жарыс тек техникалық шеберлікке емес, сондай-ақ командалық жұмыс, креативтілік, жауапкершілік пен қоғамға әсер ету секілді қасиеттерге де баға береді.

Қазақстан құрамасының сапында ерекше көзге түскен командалар – Қарағанды облысындағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушыларынан құралған екі команда болды. Солардың бірі – Jeltoqsun командасы. Олар 258 команда арасынан озып шығып, әлемнің үздік 20 командасының қатарына енді. Бұл – халықаралық деңгейде Қазақстан үшін үлкен жетістік. Ал сол мектептің тағы бір командасы  Core Values Coopertition Winner номинациясында жеңімпаз атанып, командалық рух, шығармашылық және бірлік бағаланатын бұл аталымда жоғары баға алды.

Қазақстаннан қатысқан жеті команданың алтауы түрлі марапатқа ие болып, еліміздің FIRST чемпионаттарындағы үздік нәтижесін тіркеді. Бұған дейін де қазақстандық командалар отандық деңгейде жүлде алып келгенімен, осындай ауқымды халықаралық табысқа алғаш рет қол жеткізіп отыр.

Чемпионатқа дайындық кезінде оқушылар робот құрастырумен қатар, жобалау, бағдарламалау, ағылшын тілі және ұжымдық жұмыс сынды бірқатар маңызды дағдыларды меңгерді. Бұл тәжірибе оларға болашақта жаһандық инженерлік және ғылыми қауымдастыққа енуге мүмкіндік береді.

Қарағандылық оқушылардың бұл жеңісі – Қазақстанның білім беру жүйесінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің айғағы. FIRST Championship – тек техникалық жарыс қана емес, сонымен қатар ғылым мен технологияға құштар, ынтымақ пен жауапкершілікке тәрбиеленген жаңа ұрпақты қалыптастыру алаңы. Қазақстандық оқушылар биылғы чемпионатта өздерінің білімдерімен де, бірлігімен де әлемге танылды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»