Қарағандылық Хатико

Қарағанды жұртының назарын көптен бері аялдама маңын торуылдап, иесін күтіп жүрген ит аударды. Төрт аяқты тіпті әлгі ауданның танымал жануарына айналған. Себебі өткен-кеткен автобустан иесін іздеп тұрады екен. Бірақ иесі кім екені белгісіз, бірі «қоныс аударып кеткен» десе, енді бірі «қайтыс болған» дейді.

Күз. Қарағандының көшесі, ерсілі-қарсылы ағылған жұрт, топтасып ұшқан көгершіндер мен сарғайып құлаған жапырақтар. Осынау мұңлы сарында аялдамада есі кете иесін күткен ит жатыр. Бұл жапон хикаятындағы әйгілі Хатиконы еске салады. Біреулер бірер ай болғанын, енді бірі иттің осы маңда жүргеніне бірер жыл болғанын айтады. Анығы – оның аялдамадағы әр автобусқа үмітпен қарайтыны. Иесінен үміт үзбеген итті тұрғындар тамақтандырып тұрады екен.

Әлеуметтік желілерде де қарағандылық Хатиконы асырап алуға ниет білдіргендер болған. Бірақ әзірге нақты іске көшкендер жоқ сыңайлы.

Айта кеткен жөн, бұл – Қарағандыдағы алғашқы жағдай емес. Осыдан екі жыл бұрын, иесі түрмеге қамалғандықтан, оны іздеп түрме маңын торуылдап кетпей қойған ит туралы айтқанбыз. Кейіннен ол қылмыстық атқару жүйесінің кинологтеріне беріліп, иесі босап шыққанша, жұмысқа тартылған болатын.