ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ ФУТБОЛШЫЛАР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Қарағанды облысының футболдан олимпиадалық резерв мектебінің «Жастар» командасы Қазақстан чемпионы атанды. Республикалық біріншілік Шымкентте 20-29 шілде аралығында өткен. Оған 2009 жылы туылған 200 жасөспірім қатысты. Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Талдықорған, Петропавл, Павлодар, Түркістан қалаларынан және Алматы облысынан барлығы 11 команда ала доппен өзара бақ сынасты.

Қарағандының намысын арқалап барған «Жастар» командасының құрамында 18 адам өнер көрсетті. Бұл – команданың осы жазда облыс атынан қатысқан екінші республикалық турнирі еді.

Қазақстанның Бірінші Чемпионаты маусым айында Петропавлда өтті. Ол додада команда сегізінші орынға табан тіреген болатын.

Ойыншылардың бірі – орталық жартылай-қорғаушы рөлінде өнер көрсеткен 11 жасар Рамазан Көкішев.

— Жарыста ата-аналарымыз бен басқа қалалардан келген достарымыз үлкен қолдау білдірді.

Қарсыластар мықты болса да, біз жеңіске жеттік. Мен үшін бұл Қазақстан чемпионатындағы алғашқы жеңіс, — деп ойыннан алған әсерімен бөлісті Рамазан. Ол футболға 4 жасынан бастап қызығушылық танытқан. Кумирі – Лионель Месси.

К о м а н д а н ы ң жаттықтырушылары – Алексей Пацуков пен Олег Миляев. Алексей Алексеевич Қарағандыдағы барлық командаларды 10 жылдан бері маңызды сайыстарға дайындап келеді. Оған дейін өзі де футболмен кәсіби түрде айналысқан.

— Чемпионаттан алған әсерім керемет! Шымкент бізді керемет қарсы алды. Ойын табиғи алаңда өтті. Мұның өзі үлкен пайдасын тигізді. Петропавл чемпионатынан кейін біз өз ойынымызға талдау жасадық. Десе де, аз уақыттың ішінде үлкен өзгеріс болды дей алмаймын. Финалда Шымкент командасымен ойнадық. Өте мықты қарсыластар болды. Кіші топта олар бірде-бір ойыннан ұтылған жоқ. Финалдың негізгі уақытында біз 0:0 есебімен ойнадық, ал пенальти сериясында 5:4 есебімен жеңіске жеттік, — деді бапкер.

Чемпионат қорытындысы бойынша екінші орынды Шымкент қаласының командасы, үшінші орынды Талдықорған қаласы иеленген.