Қарағандылық футболшылар Қазақстан жастар чемпионатында күміс жүлдегер атанды
Қарағандылық «Шахтер М» футбол командасы Қазақстан жастар чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Дене шынықтыру және спорт басқармасы ойыншылардың жетістіктерін алғысхатпен атап өтті.
Республикалық біріншілік сәуірден қазанға дейін өтті. Жарысқа 12 команда қатысты. Бірінші турдан бастап «Шахтер М» жеңіске жетіп, турнир кестесінде көшбасшылықты ұзақ уақыт ұстап тұрды. Соңында командаға тек екі ұпай жетпеді. Чемпион атағы павлодарлық «Ертіске» бұйырды.
– Жалпы, біз маусымды қалай өткізгенімізге ризамыз. Бірінші орында ұзақ тұрдық, жеңгіміз келді. Бірақ чемпионатта көп ұпай жинаған адам жеңеді. Мүмкін сәттілік жетіспей қалған шығар. Ал негізі бүкіл команда лайықты ойнады, – деп есептейді «Шахтер М» командасының бас бапкері Максим Самченко.
Команда құрамында 17-20 жас аралығындағы 25 адам ойнайды. Алда келесі футбол маусымына дайындық күтіп тұр.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты негізінде