Қарағандылық еден жуушылар мемлекетке 35 миллион теңге қарыз

Қарағанды облысындағы 6 бірдей балалар үйінің техперсоналдары еркінен тыс мемлекетке 35 миллион теңге қарыз болып қалған. Жұмысшыларға бірнеше жыл бойы жалақыға қосымша 5 мың теңге үстеме беріліп келген екен. Алайда жақында тексеру жүргізген ішкі аудит департаменті аталған қаржы тек тәрбиешілерге төленіп, тазалықшы, күзетші, киім тігуші сынды жұмысшыларға берілмеу керек екенін анықтаған. Мұны сотта дәлелдеп шығыпты.

” Осының салдарынан əр жұмысшының қарызы кемі 300– 400 мың теңгеге жеткен, оны айлығы 60 мың теңгеден аспайтын жұмысшылар қайтара алмаймыз деп отыр.

Аталған төлем ҚР БҒМ және Қазақстандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы қол қойған салалық келісімде қарастырылған. Алайда былтырғы тексеру барысында Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдері балалар үйі қызметкерлері үстемеақыны заңсыз алған деп шешіпті.

Мұндағы базалық лауазымдық жалақы 17 мың теңгеден сәл артық. 2007 жылғы қаулыға сәйкес бұл сомадан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істегені үшін 30% қосымша төлем есептелді. Бұл қаражат мұғалімдерден басқа техникалық қызметкерлерге де түсіп отырған. 2021 жылғы ақпанда Білім және ғылым министрлігі қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне хат жолдап, онда еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық шарттардың талаптары бойынша жетімдермен ғана емес, мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс істегені үшін қосымша ақының түрі айқындалған.

” Алайда сол жылы аудиторлық тексеру барысында көмекші персоналдың 70 қызметкері ай сайын бес мың теңгеге жуық заңсыз алғаны анықталған.

Гүлбану Әбдірахманова Қарағанды облысындағы ең ірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған балалар үйінде ондаған жыл қызмет етіп келеді. Кімнің қателігі екені белгісіз, бір басында 360 мыңнан астам қарызы бар екенін жақында біліпті. Тіпті сот шешімі де шыққан. Енді қарызын қайтару үшін жарты жыл су тегін жұмыс істеуге тура келетін түрі бар. «Мысалы, маған қазір 361 мың теңге қайтару керек болып тұр. Мен оны неге қайтарамын? Мен ешкімнен ештеңе сұрағам жоқ, не тағайындап берді — соны алып отырдым. Мен бүгінгі күні 60 мың аламын. Осыдан үш жыл бұрын ол 30 мың болған. Сонда мен оны қалай қайтаруым керек», — деп ашынады ол.

Бір ғана осы мекеменің мемлекет алдындағы берешегі 10 миллион теңгеге сәл ғана жетпейді. Бұл — 70-ке жуық қызметкердің үш жылдан бергі үстемесінің қарызы. Бухгалтер болса бұл үстеменің Білім және ғылым министрлігі қаулысына сай берілгенін айтып отыр. «Біз мұны өзіміз ойлап тапқан жоқпыз, басқарма тарапынан рұқсат берілген. Енді жұмыскерлердің айлығынан ұстап қалмақ. Осында жұмыс істеп 28 мың, 30 мың айлық алатын адамдар бар. Соларға 5 мың теңге үстемеақы қосып отырдық. Жыртыққа жамау болсыншы деп едік, енді соның барлығын бір мезетте қайтарсын деп жатқаны ақылға сыймайды», — дейді есепші Татьяна Рассказимова. Ал кәсіподақ комитеті төрағасы Самат Байкенов болса мұның салалық келісім нәтижесінде төленгенін айтады: «Біздің жанайқайымызды жоғарғы соттағылар естіп, осыған дейін шығарылған үкімнің күшін жойса дейміз. Олай болмаса балалар үйінің басшысы өз қызметкерлеріне шағым жазып, ақшаны қайтаруға тура келеді. Жұмысшылардың кейбірі жұмыстан шығып кеткен. Негізінде, бізде Білім және ғылым министрлігінің жіберген хаты бар. Онда «үстеме барлығына бірдей төленеді» деп анық жазылған».

Ал сот болса кәсіподақ пен бухгалтерлер ұсынған құжатты негізсіз деп таныпты. Осылайша заңға емес, Үкімет қаулысына сүйенгендерін айтады. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Айгүл Мүтәләпова: «Сот балалар үйі қызметкерлерінің талап арызын негізсіз деп тапты. Себебі үкімет қаулысына сай мемлекет есебінен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлеріне мұндай үстеме тек балалармен жіті байланыста жұмыс істейтін тұлғаларға ғана берілуі тиіс болған. Ал техперсоналдағы қызметкерлер бұл санатқа енбейді. Ал ұжымдық келісім өз дәлелін тапқан жоқ», — дейді.

Қазір облыстағы 6 бірдей балалар үйінің жалпы қарызы 34 миллион теңгеге жеткен. Жалпы, өткен жылы осындай тексеру елдің барлық балалар үйінде жүргізілген көрінеді. Алайда олқылық тек Қарағанды облысында анықталған.

Асыл АЙБЕК,

«QH»