Қарағандылық биші үздіктер қатарында
9 жастағы қарағандылық биші Халықаралық брейкинг жарысында үздік сегіздікке енді. Бұл – күніне 2 сағат, аптасына 6 күн дайындықтың арқасы.
Әмір Амангелді 6 жасынан бері брейкингімен айналысады. Үш жыл ішінде ол еліміздің 10 қаласында, 2 рет шет мемлекетте өнер көрсеткен. Байқаулардан жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Былтыр ғана Ташкентте өткен Юнити Бейсте 1-орын иеленген. Әмір Амангелді бұл жолғы бәсекеге 3 апта дайындалыпты.
– Неге екенін білмеймін, бұл би қатты ұнап қалды. Басында жаттықтырушылар мені кішкентайсың деп алғысы келмеген. Кейін қабілетімнің бар екенін дәлелдедім. Негізі, ең қиын жарыстар Алматыда өтеді. Онда төрешілер қатал қарайды. Уфада жас санағы өзгеше болды. Сондықтан жартылай финалға өту оңай соқпады. Негізі, жарыс аса қиын деп айта алмаймын, – дейді Әмір.
Осы жылы Kultura battle 7-рет өткізіліп отыр. Ресейдің Уфа қаласына жылына екі рет әлемнің әуесқой бишілері жиналады. Әмір Амангелді 14 жасқа дейінгі балалар арасында 50 қатысушының арасынан суырылып шықты. Жаттықтырушысы Ерлан Оспанов жас спортшының болашағынан зор үміт күтеді.
– Әмірдің анасы жаттықтырушы болуымды ұсынғанда, бірден келістім. Ол – бәсекеге өте қабілетті бала. Біз жеке дайындаламыз. Брейкинг – өте ауыр би, мұнда спорттық элемент өте көп. Сондықтан кішкентай баланың осылай билей алуы тамсандырмай қоймайды. Қазір ол жарыстарда өзін жақсы көрсетіп жүр. Әлі талай жүлде алатынына сенімдімін.
Өнерлі өреннің күн тәртібі өте тығыз. Таңертең бассейн мен домбыраға, мектептен кейін биге қатысады. Аптаның алты күнінде тынбай еңбектенетін баласына анасы Римма Тоқтамышева үнемі қолдау білдіретінін айтады.
– Біз аптасына үш рет Шахтинскіден Қарағандыға келіп дайындаламыз. Әрине, мұның бәріне уақыт табу, үлгеру қиын. Дегенмен оның бұл биді жақсы көретінін байқағандықтан барынша қолдауға тырысамын. Бастысы, ынта-жігері болса болғаны, қалғаны өздігінен қалыптаса жатар.
Әмір Амангелдінің арманы – чемпион болу. 2020 жылы брейкинг ресми түрде олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына қосылды. Биыл Париждегі төртжылдықтың басты бәсекесінде бишілер алғаш рет брейк-данстан сынға түседі.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»