Қарағандыда жылу беру маусымы қашан аяқталады?

Қарағандыда жылу беру маусымы аяқталуға жақын. Қызмет көрсетушілер қорытынды шығарып жатыр. Халық қалаулыларымен бірлескен жиында «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС мен «Қарағанды энергетика орталығы» ЖШС басшылары жылу қашан өшетінін және кей тұрғынның шағымына орай жылуды ерте тоқтатуға болмайтынын айтты.

10 сәуірде Қарағанды қалалық мәслихаты депутаттарының отырысы өтіп, онда 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысы талқыланды.

Өткен жылдың күзінде жылу 30 қыркүйекте беріле бастады. Қарағандыда барлығы 2 796 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 2 567-сі ЖЭО арқылы, 214-і пешпен жылытылады, 15 үй 6 модульдік жергілікті қазандықпен жылытылады. Талдау көрсеткендей, жылу беру маусымы тұрақты, барлық алты қазандық қалыпты жұмыс істеп, 15 күн бойы көмірмен қамтамасыз етілген, жылумен қамту сапасына және ЖЭО параметрлеріне тәулік бойы бақылау жүргізілуде. Жұмыс тәртібінде ірі апат немесе ақаулар болған жоқ.

Бүгінгі таңда жылу беру маусымы әлі аяқталған жоқ. Жылыту маусымына дайындық және өткізу қағидаларына сәйкес, орташа тәуліктік температура үш күн бойы +10 градус және одан жоғары болған кезде немесе кенеттен күн қатты жылып кетсе аяқталады екен.

– Өткен жылы жылыту маусымы 27 сәуірде аяқталды. Әр үй өз қалауымен орталықтандырылған жылытудан ажыратуға өтініш бере алады. Басқарушы компаниядан «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС хабарласу қажет. Осыдан кейін жылу беру тоқтатылады, – деп түсіндірді ТҮКШ және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды үйлестіру басқармасының басшысы Асыл Төлебаев.

«Қарағанды энергетика орталығы» ЖШС басшысы Флюр Гарипов жылу беру маусымының барлық кезеңінде Қарағанды ЖЭО-лары 3 млн 500 мың Гкал жылу энергиясын және 2 млрд 428 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіргенін айтты. Ең суық бес күндік кезең 9-12 желтоқсан аралығында тіркелді. Тәуліктік орташа температура минус 28,5 градус, маусымдағы ең төменгі температура минус 37 градус болды.

Сонымен қатар Қарағандыда 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шараларының жоспары әзірленді. Бұл үшін 52 миллиард 752 миллион теңге бөлінген.

– «Қарағанды энергетика орталығы» ЖШС ең үлкен жөндеу бағдарламасына ие. 21 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. ЖЭО-1-де екі қазандықты күрделі жөндеу, бір турбинаны кеңейтілген жөндеу, ЖЭО-3-те екі қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Ағымдағы жөндеу жұмыстары әрбір турбина мен қазандықты қамтиды, – дейді Асыл Төлебаев.

«Теплотранзит Қарағанды» ЖШС жылу маусымына дайындық аясында 594,4 млн теңгеге 12,56 шақырым жылу желісін, ал инвестициялық бағдарлама аясында 2,4 млрд теңгеге 4,2 шақырым желі ауыстыруды жоспарлап отыр.

«Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бюджеттік қаржыландыру есебінен 9 млрд 166,7 млн теңгеге 10,93 км жылу желісін ауыстыру жоспарланған.

«Қарағанды Су» ЖШС жылу беру маусымына дайындық үшін 1,43 млрд теңге жұмсамақ. Ағымдағы жөндеу жұмыстары 23 шақырым желіні қамтиды: 3 шақырым кәріз және 20 шақырым су құбыры. Бюджет қаражаты есебінен 6,99 шақырым су құбыры (2 желідегі №22 су құбыры), 7,6 шақырым кәріз желісі (№19 коллектор мен Совхозный көшесіндегі коллектор) жөнделеді. Инвестициялық бағдарлама аясында 5,67 млн теңгеге 24 шақырым су құбыры және 20,3 шақырым кәріз желісі ауыстырылады.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»