Қарағандыда жергілікті фермерлік өнімдер сатылатын павильондар салынады

Қарағандыда 2025 жылы жергілікті фермерлік өнімдер сатылатын павильондар желісі пайда болады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов «Әкімдік қайда қарап отыр?» Youtubе-арнасында айтты.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Қарағандыда жаңа павильондар желісін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кіріскен.

– Биыл бірнеше павильон құрылысын бастаймыз. Шетелдерде осындай ауылшаруашылығы өнімдерін сататын павильондар инфрақұрылымын салу тәжірибесі бар. Әр ауданға біз өз павильонымызды бекітеміз, сонда фермерлер жыл бойы келіп, өз өнімдерін тікелей сата алады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов.

Бауыржан Асановтың пікірінше, мұндай шешім сатушыларға да, сатып алушыларға да тиімді болады: біріншісі өз өнімдерін тез және делдалсыз сатады, ал екіншісі жаңа фермерлік өнімдерді өз бағасына алады.

Мұндай алғашқы павильон Оңтүстік-Шығыста, Сатыбалдин көшесінде пайда болуы тиіс.