Қарағандыда жеке секторды газдандыру жалғасуда: 7 мың үй газға қосылу мүмкіндігіне ие болды

Қарағандыда газдандырудың бірінші кезегінің үш іске қосу кешені бойынша жұмыстар аяқталды. Жаңа қаланың, Михайловка мен Ескі Михайловканың 7 мыңға жуық үйі табиғи газға қосылды. Қазірдің өзінде 3385 үй шаруашылығы көгілдір отынды пайдалануда, ал 4209 абонент үшін қосылуға өтінімдер мақұлданды.

– Өткен жылы төртінші, бесінші және алтыншы іске қосу кешендерін салу және іске қосу жұмыстары басталды. Олар Кирзавод-1, 2, 3, 4, «Таугүл» және «Күнгей» шағын аудандарын, сондай-ақ Федоровка мен Үлкен Михайловканы қамтиды, – деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. – Таяуда жетінші іске қосу кешені үшін газ тарату желілерін төсеуді бастау және бірінші және, мүмкін, екінші іске қосу кешендері бойынша жұмыстардың екінші кезегін іске асыруды жоспарлап отырмыз. Жұмыс басталатын жаңа аумақтардың арасында – ТББ зауыты ауданы да бар.

Алдағы жылдары Узенка, Фин кенті, Рудник-2, Пришахтинск, Ескі және Жаңа Тихоновка тұрғындарын газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бар-жоғы жобада газдандырудың төрт кезегі мен 16 іске қосу кешені қарастырылған. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ өкілі Манас Баймамыров атап өткендей, жобаны іске асыру аяқталған соң барлық абоненттерге газ тарату желілері тартылады – бұл 28 мың жеке тұрғын үй.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін газға қосылуға ақы төлеуге біржолғы көмек көрсетіледі, ол жабдықты орнату шығындарын жабады, бірақ 100 АЕК-тен (393 200 теңге) аспайды. Ол зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне және басқа да санаттарға қолжетімді. 2024 жылы 159 отбасы көмек алды.

Осы санаттарға жатпайтындарға, бірақ газбен жабдықтауға қосылуға жеткілікті қаражаты болмағандарға Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығынан қаржылай көмек сұрауға болады.

– Пайызсыз қарыз бес жылға беріледі. Несие сомасы 1 миллион 179 мың теңгеден аспайды. Ай сайын 10 мыңнан 17 мың теңгеге дейін төленеді, – деп түсіндірді Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев. – Қазірдің өзінде 600-ден астам абонент осы бағдарлама арқылы өтті. Биыл тағы 350 жеке тұрғын үйді іске қосуды жоспарлап отырмыз.

https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/923368?lang=kk