Қарағандыда жастарға құқықтық кеңес берілді
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданында жастардың құқықтық сауатын арттыруға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Қауіпсіз қала – әркімнің жауапкершілігі» форумы өтті.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған шарада жастарға заң талаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтар және цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселелері сөз болды. Форумның негізгі өзегінің бірі – отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі. Мамандардың айтуынша, жауапкершілік пен өзара құрмет ең алдымен отбасында қалыптасады. Берік отбасылық құндылықтар жасөспірімнің дұрыс бағыт таңдауына, зиянды әдеттер мен теріс әрекеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығының маманы Гюзаль Габитова да отбасылық тәрбиенің маңызын атап өтті.
– Жауапкершіліктің бастауы – отбасы. Жастарға құрмет, қолдау және жауапкершілік сияқты құндылықтардың отбасында қалыптасатынын жеткізу маңызды», – деді маман.
Қазіргі таңда жастар үшін құқықтық сауаттылықпен қатар, цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Форум барысында мамандар интернеттегі алаяқтықтың кең тараған түрлері туралы айтып, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтану, жеке мәліметтерді қорғау жөнінде кеңестер берді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, түрлі танымдық тапсырмаға қатысты. Белсенді жастарға сыйлықтар табысталды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек жауапкершілік шараларымен шектелмейді. Бұл бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі – жастардың құқықтық санасын қалыптастыру және заң талаптарын түсіндіру. Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының бөлім прокуроры Нұрай Молдатайдың айтуынша, осы мақсатта кәмелетке толмағандармен жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
– Біз жастармен профилактикалық кездесулер өткізіп, мектептерге барамыз, анонимді сауалнамалар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар құқықтық тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мұның барлығы жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», – деді Нұрай Молдатай.
Жастармен кездесулер барысында құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, заң талаптарын түсіндіруде тікелей диалогқа басымдық беріп келеді. «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жоба республикалық «Саналы ұрпақ» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Сонымен бірге тұрғындарға мобильді құқықтық кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылып, азаматтарға өз құқықтары мен заң талаптарына қатысты қажетті ақпарат ұсынылуда. Құқықтық сауаты жоғары, қауіпсіздік талаптарын білетін және өз жауапкершілігін түсінетін ұрпақ қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

