«Қарағандыда жасалған»

Супермаркеттер сөресіне «Қарағандыда жасалған» белгісі бар тауарлар оралады. Жеңіс Қасымбек жергілікті өндірушілерді қолдауға дайын екенін жеткізді. Облыс әкімі қарағандылық кәсіпкерлермен онлайн-форматта бірнеше кездесу өткізіп, көптеген ұсыныстар мен өзекті мәселелерді талқылады.

Жиында сауда және қоғамдық тамақтандыру салаларындағы кәсіпорындар басшылары түрлі мәселелер көтерді. Соның ішінде супермаркеттер сөрелерінде олардың өнімдерінің болуы, заңды тұлғалар үшін баға белгілеу және коммуналдық тарифтер бар. Азық-түлік және аграрлық өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін бизнесмендер субсидиялау бағдарламасын ашық әрі қолжетімді етуді сұрады. Агроөнеркәсіптік кешеннің көптеген өкілі жайылымдық жерлердің тапшылығына шағымданды.

Қарағанды облысының жер қатынастары басшысы Дарын Бұлқайырдың айтуынша, қазір тиімсіз пайдаланылған жерлерді мемлекет меншігіне алу мүмкін болып отыр.

— Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасы аясында Qolday бағдарламасы бойынша шамамен 7 млн 600 гектар учаскі пайдаланылмаған немесе ұтымсыз пайдаланылған жер ретінде мониторингіге қойылды. Жайылымдар көлемін ұлғайтуға келетін болсақ, аудандар бұл жер учаскелерін резервте ұстайды және бірлесіп пайдаланады. Облыс бойынша жерді қайтарып алу Жол картасы бекітілді, — деп мәлімдеді Дарын Бұлқайыр.

Жергілікті мал өсірушілер мәселесі де өзекті. Шекаралардың жабылуы және бәсекелестік ортаның болмауы олардың көпшілігін банкроттыққа әкелуі мүмкін деп шағымданды осы саланың өкілдері.

Өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпкерлері мемлекеттік сатып алулармен байланысты проблемалар және білікті кадрлардың жетіспеушілігін айтып, шағымданды.

— Бізде колледждер, училищелер бар. Біздің сала үшін студенттер грантта оқиды. Бірақ маман жеткіліксіз. Облыста 50-ге жуық компания бар, олардың әрқайсысына жұмыскер қажет. Фабрикамыздың Қарағандыдағы филиалы 250 жұмыс орнына арналған, ал іс жүзінде жұмыс күшімен 15-20% ғана қамтылған. Колледждермен таныстыру, практикаға шақыру, меморандумдарға қол қою, шәкіртақы төлеу тиісті нәтиже бермей келеді, — деді «Ютария ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сәуле Шауенова.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер импорттық тауарларды жеткізушілерге және тендерлерді жиі жеңіп алатын басқа аймақтардан келген бизнес өкілдеріне қатысты шағым білдірді.

Жеңіс Қасымбек қала және аудан әкімдеріне бизнесмендермен кездесіп, барлық мәселелерді пысықтауды тапсырды.

— Кәсіпкерлерге күрделі соңғы екі жылда қарағандылықтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз еткендеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Егер қалалық билік қандай да бір мәселелерді байқамаса, біз кірісетін боламыз, — деп уәде берді аймақ басшысы.

Өз тілшімізден