Қарағандыда жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге арналған форум өтті

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде «Білім беру ұйымдары Қарағанды облысында тұрақты даму драйвері ретінде: жұмысшы мамандықтарын дәріптеу әрі танымал ету» атты облыстық форум өтті. Шарада еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлаудың тиімді механизмдері талқыланып, білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастық бағыттары айқындалды.

Жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы

Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған бұл форумға Қарағанды облысының білім беру ұйымдары, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, сарапшылар қауымдастығы қатысты. Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларды даярлау сапасын талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей форум барысында кәсіби білімнің маңыздылығын атап өтті:

«Орта арнаулы білім – экономикамыздың негізі. Сондықтан кәсіби бағдар беру жұмысына ерекше мән беру қажет. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік беретін цифрландырылған база қолжетімді».

Форумның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, олардың аймақтың тұрақты дамуына қосатын үлесін көрсету, сондай-ақ, нарыққа қажетті білікті мамандарды даярлаудың тиімді жолдарын айқындау.

Жоғары білім жүйесінің жаңа талаптарға бейімделуі

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов қазіргі заманғы жоғары білім беру жүйесі икемділікті, индустриямен тығыз байланысты және еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел бейімделуді талап ететінін айтты.

– Бүгінде университеттер тек маман даярлаумен шектелмей, цифрлық трансформация, тұрақты даму және жаһандану жағдайында сұранысқа ие жаңа міндеттерді қалыптастыруда, – дейді Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов.

Сондай-ақ, форум аясында университет пен тұрмыстық техника өндіруші «Silk Road Electronics Co LTD» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің филиалын «QazTehna» корпоративтік университеті базасында ашу жөнінде келісім жасалды.

Жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхтар Төлеу жастар арасында жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасты өзгерту қажеттігін айтты.

«Ең алдымен, қоғамдық пікірді өзгертуіміз керек. Жұмысшы мамандықтарға даярлайтын оқу орындарын жаңа технологиялармен жабдықтап, кәсіпорындармен тығыз байланыста мамандарды оқытуымыз қажет. Мұндай форумдар арқылы біз бұл бағытта кең көлемде насихат жұмыстарын жүргізе аламыз», – дейді ол.

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің Экономика, бизнес және құқық колледжінің директоры Салтанат Құдайбергенова жұмысшы мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының маңыздылығына тоқталды.

– Біз 13 білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді даярлаймыз, оның 7-еуі жұмысшы біліктіліктерін қамтиды. Оқыту барысында инновациялық технологиялар мен жаңа әдістерді қолдану түлектердің жұмысқа орналасуына және сұранысқа ие болуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті Салтанат Құдайбергенова.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып жатқан «Мамандығым – болашағым» жобасы талқыланды. Сонымен қатар, Қарағанды облысының жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын әзірлеу және оны университеттің білім беру қызметіне енгізу мәселелері қарастырылды.

Бұл форум аймақтағы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге және білікті кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған маңызды шара болды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»