Қарағандыда қысқа дайындық барысы талқыланды
Қарағанды қаласының қыс маусымына дайындығы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында қаралды. Жолдар мен аулалардың жағдайы басты назарға алынып, әкімдік өкілдері депутаттарға қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Қазыбек би ауданы бойынша 12 ұйым автожолдардың тазалығына жауапты, әрқайсысына арнайы мердігер компаниялар бекітілген. Алдымен мектептер, балабақшалар мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандардың айналасы қардан тазартылады. Қазір қысқы жол күтіміне 13 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы дайын, ал 180-нен аса техника қызмет көрсетуге дайын тұр.
– Негізгі техниканың құрамына 24 фронтальды тиегіш, 14 лампалы тиегіш, 10 грейдер және 80-нен астам әртүрлі техника кіреді. Мердігер ұйымдар екі ауысымда жұмыс істейді. Жол тазалау жұмыстары негізінен орталық сектор, Михайловка және оңтүстік-шығыс бағыттарында жүргізіледі, қажет болған жағдайда Федоровка мен Күнгей секторларына да шығу жоспарланған. Жол қызметкерлерінің жалпы саны 150-ден асады, –деді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Маханов.
Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда 280 көше мен 200-ден астам аулааралық жол қамтылған, жалпы ұзындығы шамамен 420 шақырымды құрайды. Аумақ 14 бөлікке бөлінген, ал қызмет көрсетуді 11 ұйым қамтамасыз етеді.
– Қысқы маусымда автожолдарды күтіп-ұстау үшін мердігер ұйымдар 130-дан астам техника мен 110 жол жұмысшысын жұмылдырады. Сонымен қатар үш қар полигоны жұмыс істейді: Майқұдықтағы 33-шахта маңында, Сортировкада және Пришахтинскіде, – дейді Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Дюсембеков.
Отырыста әкімдік өкілдері депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, алдағы қысқы маусымға толық дайын екендіктерін білдірді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

