Қарағандыда әскери спорт сайыстары өтті

Қарағандыда әскери қызметшілер арасында офицерлік үшсайыс пен қарудан ату жарыстары өтті. Бұл ауқымды дода ХХII Спартакиада шеңберінде ұйымдастырылып, оған Астана өңірлік қолбасшылығына қарасты 10 әскери бөлімнің өкілдері қатысты. Жарыста қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуге тырысты.

Офицерлік үшсайыс бағдарламасына үш негізгі спорттық сынақ кірді: жүзу, ату және жүгіру. Ерлер 300 метрге еркін стильде жүзсе, әйелдер 100 метр қашықтықта жарысты. Сонымен қатар, қатысушылар Макаров тапаншасынан нысанаға дәл тигізу бойынша бақ сынап, 3 000, 2 000 және 1 000 метрге жүгіруде өздерінің төзімділіктерін көрсетті.

Қарудан ату сайысында да тартысты бәсеке өтті. Әскери қызметшілер ПМ-3 және АК-3 жаттығуларын орындап, өздерінің дәлдігі мен салқынқандылығын дәлелдеді. Нәтижесінде, офицерлік үшсайыста 31775 әскери бөлімінің командасы жеңімпаз атанды, 99275 әскери бөлімі екінші, ал 85510 әскери бөлімі үшінші орынға ие болды. Қарудан ату жарысында да 31775 әскери бөлімі алға шықса, 85510 әскери бөлімі күміс, ал 06708 әскери бөлімі қола жүлдені иеленді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне әлем чемпионы, белгілі боксшы Серік Сәпиев арнайы қатысып, үздіктерге құрмет көрсетті. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып отырған Серік Сәпиев мұндай жарыстардың әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын жетілдіруге, спорттық мәдениетін дамытуға және рухани бірлікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

– Спорт тек азаматтық салада ғана емес, әскерилер үшін де аса маңызды. Мұндай сайыстар әскери қызметшілердің күш-жігерін, төзімділігін, тәртібін шыңдап, оларды жаңа биіктерге жетелейді. Бүгін жеңіске жеткендер – тек үздік нәтиже көрсеткендер ғана емес, өздерін мықты дайындап, үлкен күш салғандар, – деді Серік Сәпиев.

Ол сондай-ақ әскери қызметшілердің кәсіби дайындығы мен спорттық машығын жетілдірудің маңыздылығына тоқталып, осындай жарыстардың тұрақты түрде өткізілуі қажеттігін атап өтті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»