Қарағандыда республиканың үздік ҮЕҰ марапатталды
Биылғы жылы еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған 54 ҮЕҰ әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін сыйлық лауреаты атанды. Қарағандыда С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында еліміздің азаматтық секторының үздік өкілдері марапатталды.
Байқау жеңімпаздарын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қарағанды облысы әкімінің м.а. Жеңіс Қасымбек құттықтады.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялады. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту туралы сөз қозғалды. Үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтады, қоғамдық диалогты қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің мақсатымыздың бірі – әлеуметтік бастамаларды қолдау, – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі. – Жобалық ынтымақтастықты трансформациялаудың арқасында ҮЕҰ саны 5 есеге – 23 мыңға дейін өсті. Барлық өңірлерде әлеуметтік тапсырыс көлемі өсті.
– Сіздер жастар, балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларын шешуге қатысасыздар, білім беру, салауатты өмір салты мәселелерін қарастыруға көмектесесіздер. Бұл біздің қоғамдағы жоғары азаматтық сананың айқын дәлелі, – деп атап өтті өңір басшысы.
ҮЕҰ әлеуметтік осал азаматтарға белсенді қолдау көрсете бастағаны атап өтілді. Биыл бұл номинацияға рекордтық өтінім келіп түсті, 12 ұйым марапатқа ие болды.
Үкіметтік емес сектор қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосады. Осы номинацияда марапатталғандардың қатарында Қарағанды «Диалог» жанжалдарды шешу орталығы бар.
– Біз көп жылдар бойы медиация институтын дамыту бойынша жұмыс істеп келеміз. Осы бағытта үлкен тәжірибе жинақтадық. Балалар мектеп ортасында туындайтын шиеленістерді шешуді үйренетін жас медиаторлар мектебін іске қостық. Биыл олар тарихи-мәдени мұраны сақтаумен қосымша айналысты. Қала тұрғындарының өтініші бойынша қаланың ескі бөлігіндегі қаздрамтеатрдың бірегей ғимаратының тарихын зерттеп, деректі фильм шығардық. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Қазір біз ең көне ғимараттың мәдени құндылығын көрсету үшін сараптама жасап жатырмыз. Олар ашық аспан астында мұражай құру жобасын дайындады, ол үшін ғимаратты сақтап, айналасында шығармашылық кеңістік салу керек, – деді Иван Савицкий, «Диалог» жанжалдарды шешу орталығының үйлестірушісі және жоба менеджері.
Марапаттау рәсімі қарағандылық әртістердің қатысуымен өткен концертпен аяқталды.