Қарағандыда қоқысты тазарту құны 80 пайызға өспек

Қарағанды қаласында қоқыс жинаумен айналысатын мекеме де тарифті 80% — ға өсіруді ұсынып отыр. Бір адамға айына 221 теңгені құрайтын төлем осыдан үш жыл бұрын бекіген. Енді компаниялар тарифты кем дегенде 410 теңгеге дейін ұлғайтуды сұрап отыр. Олар да тариф аясында қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, жаңа арнайы техника сатып алмақ.

Тарифті көтеру мәселесі әуелі қалалық Қоғамдық кеңесте қаралды. Пандемияға байланысты талқылау ZOOM-да ұйымдастырылды.

«Қоқыс таситын көліктерге 25 жүргізуші жетіспейді. Қазір біз жалақыны көтере алмаймыз, өйткені қаржы ресурстары жеткіліксіз. Қазіргі тариф 214 теңгені құрайды, ал біздің нақты шығындарымыз көп қабатты сектордың тұрғынынан 458 теңге және абаттандырылмаған, яғни жеке сектордан 588 теңге мөлшерін құрайды Бұл санды әкімдіктің тапсырысы бойынша тәуелсіз аудиторлық компания есептеп шығарды, — деген болатын «ГорКомТранс» компаниясының директоры Виктор Иванов.

Қоқыс таситын компания билікпен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюға дайын. Егер ҚТҚ шығару және кәдеге жарату тарифін 410 теңгеге дейін көтеруге рұқсат алса, компания өз қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеріп, жаңа арнайы техника сатып алмақ. Нәтижесінде Қарағандының қоқыстан уақытында тазаратынына сенімді.

Қарағандыда қоқыс шығарумен «ГорКомТранс», «Ресайклинг-Сервис» және «ЭкоАлем Казахстан» атты үш компания шұғылданады.

Қарағандылықтар қаланы басып кеткен қоқысқа көптен бері наразы. Шаһарды қоқыстан тазартуға полицейлер де кіріскен. Тәртіп сақшылары қалдықтарды қоқыс жәшігіне төкпейтіндерге айыппұл салады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жеке тұлғалардан 20 АЕК, яғни 55 мың теңгеден астам айыппұл өндіруге болады.

«Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму тарифі бір текше метр үшін 2591 теңгені құрайды. Біз жиналыс өткізіп, әлеуметтік шиеленісті азайту үшін шешім қабылдадық, жеке сектор тұрғындары үшін төлемді 15 пайызға, яғни 410 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдадық, — дейді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Шенеунік былтыр жазда Қарағандыда 1000 контейнер алаңы абаттандырылғанын хабарлады. Олардың барлығы көп қабатты тұрғын үй секторында ғана орналасқан. Әр алаңда бетон негізі төселіп, жаңа қоқыс бактары, шамдар мен бейнебақылау камерасы орнатылған.

«Биыл біз қайталама шикізатты қайта өңдеу деңгейін 20-дан 30 пайызға дейін арттыру міндетін өзімізге алдық. Сондықтан бізге қайталама шикізатты жеткізетін арнайы техника қажет. Біз көрсетілетін қызметтердің сапасын дамыту мен жетілдіруге 1 миллиардтан астам теңге инвестиция салғымыз келеді, — дейді қоқыс жинайтын компания басшысы.

Пришахтинск және Сұрыптау тұрғындарына қызмет «Ресайклинг-Сервис» компаниясының клиенттері аз, сондықтан олардың шығыны «Горкомтрансқа» қарағанда аз.

«Біздің шығын бір адамға 430 теңгені құрайды. 2016 жылы бекітілген алдыңғы тарифте дизель отынының бағасы литріне 80 теңге болды. Жарты жылдан кейін ол 192 теңгеге дейін өсті, яғни екі есе артты. ЖЖМ шығындары біздің шығындарымыздың шамамен 40 пайызын құрайтынын атап өткім келеді. Егер қазіргі 214 теңге тарифті алып, оны 30 күнге бөлсек, онда тәулігіне бар болғаны 7 теңге табамыз. Бұл өте аз!-дейді «Ресайклинг-Сервис» компаниясының бас директоры Айтпану Омарова.

Бас директордың айтуынша қоқыс шығаратын компания қызметкерлерінің жалақысы төмен. Жүк тиеушілердің алатыны 70 мың теңге. Осының өзінде кәсіпорын үшін ол әжептеуір шығын, жалақы барлық шығындардың шамамен 45 пайызын құрайды екен.

Қоғамдық кеңес мүшелері арасында талқылау қызу болып, 11 адам тарифты өсіруді жақтап дауыс беріп, тоғызы қарсы дауыс берді, тағы бір мүшесі қалыс қалды. Енді Қоғамдық кеңестің қоқыс жинау бағасын көтеру ұсынысын Мәслихат депутаттары қарайды.

Егер Мәслихат бекітсе болжам бойынша Қарағанды қаласында абаттандырылған аумақтан қоқыс шығару үшін бір адам 380 теңге, ал жеке сектордан қоқыс шығарылғаны үшін бір адам 410 теңге төлемек.

Ләззат Таймырқызы