ҚАРАҒАНДЫДА ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ АШЫЛАДЫ

Өткен оқу жылынан бастап Қарағанды облысында бірінші және екінші сынып оқушылары мектеп асханасынан тегін тамақтанып келеді. Биыл жаңа оқу жылында барлық бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етіледі. Білім беру саласындағы осы және басқа да өзгерістер туралы Қарағанды облысының білім басқармасы мәлімдеме жасады.

ілім беру ұйымдарының саны — 285. Сондай-ақ, 1786 кезекшілік топ жұмыс жасайды. Ал, шағын орталықтардың жұмысы 2020 жылдың наурызынан бастап тоқтап тұр. Бірақ, 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дайындау үшін облыста жеке бала-бақшалардың санын арттыру қолға алынған. Бір бүлдіршін үшін мемлекеттік тапсырыстың бағасы тоғыз мың теңгеге артып, 38 мың теңгені құраған. Балардың саны мен меншік түріне қарамастан, барлық ұйымдар толық қаржыландыруда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында мектепке дейінгі ұйымдар балалардың келуін бақылау және жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу жөніндегі бірыңғай электрондық платформаға ауыстырылды.

Сондай-ақ, электрондық қойма арқылы өнімдерді сатып алу және бөлу бойынша «Виртуалды қойма» тамақтануды бақылау модулі енгізілді. Қызмет көрсету, тамақтану сапасы, тазалығы, қолайлы жағдайлар жасау туралы ата-аналар пікірлерінің жинағы «Colibri» мобильді қосымшасында іске қосылды.

Тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Адекенова былай дейді:

— Өткен оқу жылында ақпан айынан бастап, бірінші және екінші сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді бастаған едік. Бұл жұмыстарға мемлекет тарапынан 1,7 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Келер оқуы жылының бірінші жартыжылдығына тағы 1,9 миллиард теңге бөлініп, барлық бастауыш сынып білім алушылары мектеп асханасынан тегін ас ішеді. Аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балалар жалпы есеп қоры қаржысынан ыстық тамақпен қамтылатын болады.

Апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін биыл төрт мектептің құрылысы жүргізілуде. Екеуі – апатты мектептердің орнына, біреуі – үш ауысымды оқытуды жою үшін, тағы біреуі – орын тапшылығын болдырмау үшін салынуда. Құрылысты ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда. 2025 жылға дейін тағы жеті мектеп бой көтеретін болады.

Қарағанды облысы білім басқармасы басшысы Гүлсім Қожахметова өткен оқу жылындағы жетістіктерге тоқталып өтті:

— Оқу жылын 204 174 оқушы аяқтады, оның ішінде 11-сынып түлектері — 8 910 адам, 9-сынып түлектері — 17 592 адам. «Алтын белгіге» 415 түлек, үздік аттестатқа – 399 түлек ие болды. 9-сыныптар арасында үздік аттестатты 1 306 түлек алды. «Алтын белгі» иегерлерінің ішінен ұлттық бірыңғай тестілеуге 378 түлек қатысты, 9 түлек тест тапсырмай, Назарбаев Университетіне түсті. Ең жоғары 137 баллды Қарағанды қаласының №61 мектебінің түлегі және 135 баллды Шахтинск қаласының № 2 мектебінің түлегі алды.

2020-2021 оқу жылында қарағандылықтар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 15 медаль жеңіп алған, оның ішінде жетеуі – алтын, біреуі – күміс, жетеуі – қола.

Республикалық пәндік олимпиадалар мен байқаулардың қорытындысы бойынша облыс қоржынында 443 алтын, 295 күміс, 591 қола медаль бар.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «Мың Бала» ұлттық олимпиадасының нәтижелері бойынша 12 оқушы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған м е к т е п — и н т е р н а т т а р ғ а қабылданған.

Сонымен қатар, IQanat олимпиадасы аясында ауыл мектептерінің 9 оқушысы Iqanat of Burabay жоғары мектебінде оқуға жолдама алды. Бұл оларға халықаралық аттестат пен әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына тегін грант алуға мүмкіндік береді.

Облыстың барлық мектептері кең жолақты ғаламторға қосылды. Өткен жылы 37 мектепте жылдамдық 8 Мбит/стан артты, оған 446 млн. теңге жұмсалған. Жаңа оқу жылында тағы 15 мектепте ғаламтор сапасын жақсарту жоспарлануда. Бұл мақсатта 12,6 миллион теңге бөлінген.

Жаңа оқу жылының басты жаңалығы – 1 қыркүйектен бастап Қарағанды қаласындағы Оқушылар сарайы өз есігін айқара ашады. Сәтбаев қаласында Оқушылар сарайының жаңа ғимараты пайдалануға беріледі.

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ, QH.