Қарағандыда Марат Бисенғалиевтің концерті өтеді
Қарағандылықтарды әлемге әйгілі скрипкашы, бірегей виртуоз Марат Бисенғалиевтің музыкалық кешіне шақырады. Концерт 9 наурыз «Шалқыма» концерт залында өтеді. Басталуы сағат 19:00.
Концерт барысында Эдвард Элгар, Томазо Антонио Витали, Мұқан Төлебаев, Алмас Серкебаев, Джон Корильяно, Франсиско Таррега, Карл Дженкинс, Генрик Венявский сынды ұлы композиторлардың шығармалары орындалады.
Марат Бисенғалиев – әлемге танылған музыкант, алтын дискілердің иегері, көптеген халықаралық марапаттардың иесі. Оның Naxos, Marco Polo, EMI, Sony BMG сынды танымал студиялармен жасаған жазбалары әлемдік музыкалық мұраның бір бөлігіне айналды.
Ол әлемнің жетекші оркестрлерімен – Корольдік филармониялық оркестр, Лондон симфониялық оркестрі, Мәскеу симфониялық оркестрі және басқа да беделді ұжымдармен бірге өнер көрсеткен.
Ұлы музыкамен қауышудың бірегей мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»