Қарағандыда мамыр мерекелеріне дайындық қызу жүріп жатыр

Қарағанды облысында мамыр айындағы маңызды мерекелер – Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтпек. Аймақтың барлық қалалары мен аудандарында 100-ден астам түрлі іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында концерттер, спорттық жарыстар, патриоттық акциялар мен ардагерлерге көмек көрсету шаралары бар.

– Бұл күндерді облыс тұрғындарының әрқайсысы мақтанышпен, елге деген сүйіспеншілікпен қарсы алуы – басты мақсатымыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Мерекелік шаралар легі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен басталады. Бұл күні саябақтар мен алаңдарда «Достық әуені» атты концерттер өтеді, ал кәсіпорындарда еңбек үздіктері марапатталады. Әлеуметтік желілерде «Біз – бір халықпыз» және «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты челлендждер бастау алады. Спортшылар «Бірлік жүгіруі» республикалық марафонына қатысады, ал Қарағандының орталық саябағында үлкен концерт ұйымдастырылады.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай білім беру мекемелерінде ерлік сабақтары өтеді, «Солдатқа хат» челленджі ұйымдастырылады. Қазақ күресі бойынша турнирлер мен «Ұранды ердің ұрпағы қайсар» атты концерттер Жаңа Майқұдық пен Теміржолшылар мәдениет сарайларында, сондай-ақ орталық саябақта өтеді. «Молодежный» мәдениет үйінде патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, орталық саябақта әскери-патриоттық клубтардың қатысуымен «Жас сарбаз» саптық шеруінің байқауы өтеді.

Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік цирк алдындағы алаңда «Ерліктің даңқы өшпес!» атты гала-концерт өткізеді. Сонымен қатар, осы күні облыстың қалалары мен аудандарында Астанада өтетін әскери шерудің трансляциясы көрсетіледі. Оған Қарағандыдан Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Степенко мен тыл еңбеккерлері қатысады.

Ардагерлерге көрсетілетін қамқорлық та назардан тыс қалған жоқ. Облыста 2797 ардагер бар: олардың ішінде 8-і – соғыс ардагері, 116 – ардагердің жесірі, 2634 – тыл еңбеккері, 29 – концлагерь тұтқыны, 10 – Ленинград қоршауында болған азамат. Олар медициналық тексеруден өткізіліп, 9 мамыр күні арнайы «Жеңістің 80 жылдығы» медалімен марапатталады.

Жастар қауымы да белсенділік танытуда. Еріктілер «Ардағым – ардагерім» және «Ардагер-өсиеті» атты акциялар арқылы 10 қала мен ауданда ардагерлерге көмек көрсетеді.

Қала келбетін жақсарту жұмыстары да қарқын алған. Соғыс батырларының есімі берілген көшелер тазартылып, ескерткіштер мен мемориалдар жөндеуден өтті. 200-ден астам ту ұстайтын құрылым, 300 консольдық жалау орнатылып, көшелер мерекелік баннерлермен безендірілді.

Мамыр мерекелерінің шарықтау шегі – 9 мамыр Жеңіс күні. Осы күні «Ұлы жеңіске мың тағзым» акциясы аясында Мәңгілік алауға және Сұрыптаудағы жауынгерлік даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Сондай-ақ, Жеңіс саябағында «Жеңіс жолы» атты театрландырылған концерт, джаз оркестрі мен эстрада әншілерінің қатысуымен кешкі бағдарлама ұйымдастырылады. Майқұдық және Теміржолшылар мәдениет сарайларында, сондай-ақ цирк алаңында мерекелік концерттер өтеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»