Қарағандыда Ұлы тұлғаларға арналған айтыс өтті
17 наурыз күні Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында дәстүрлі «Армысың, әз-Наурыз!» ақындар айтысы өтті. Қазақтың рухани мұрасын жаңғыртқан бұл дода – ұлттық өнерді ұлықтап, жас ақындарға үлкен мүмкіндік берген ерекше шара болды.
Айтыс ұлы тұлғалар – Тәттімбет Қазанғапұлының 210, Доскей Әлімбайұлының 175, Шашубай Қошқарбайұлының 160, Мәди Бәпиұлының 145, Жұмабек Тәшеневтің 110 және академик Ебіней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойларына арналды. Ақындар бабалар рухын асқақтатып, елдік пен ерлікті жырға қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады.
Сөз сайысында ақындар Қазақстан Президентінің Наурызнама декадасын бекіту туралы бастамасын қолдап, бұл мейрамның тек ұлттық дәстүр емес, идеологиялық мәні бар үлкен мереке екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, олар жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысын тілге тиек етіп, ондағы маңызды идеологиялық тақырыптарды көтерді.
Айтыстың шымылдығы ұлттық салт-дәстүрмен түріліп, «Қара жорға» биімен жалғасты. Сахна киізүй үлгісінде безендіріліп, көрермендердің айтыскерлерге деген қолдауы ерекше сезілді.
Жыр додасына Арқа өңірінің танымал ақындары қатысты. Олардың қатарында Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділ, Мақсат Аханов, Дидар Қами, Нұрмұхаммед Байсүгір, Нұрсұлтан Рымбай бар. Бұл сөз шеберлері айтыстың көрігін қыздырып, көрермендерге нағыз рухани кеш сыйлады. Сонымен қатар, белгілі арқа әншілері – Сержан Мұсайын, Сырым Хордин, Гүлмира Топай өз өнерлерімен кештің сәнін келтірді.
Ақындардың өнерін бағалаған қазылар алқасында филология ғылымдарының докторлары Қойлыбай Асан мен Саржан Тахиров болды. Олар жыр додасында үздік шыққан ақындарды анықтап, арнайы жүлделермен марапаттады:
Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы жүлде – Нұрмұхаммед Байсүгір;
Доскей Әлімбайұлы атындағы жүлде – Мақсат Аханов;
Шашубай Қошқарбайұлы атындағы жүлде – Тілеген Әділ;
Мәди Бәпиұлы атындағы жүлде – Дидар Қами;
Жұмабек Тәшенов атындағы жүлде – Нұрсұлтан Рымбай;
Ебіней Бөкетов атындағы жүлде – Айтбай Жұмағұлов.
Жыр додасы Қарағанды облысының мәдениет басқармасының қолдауымен және «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебінің ұйымдастыруымен өтті.
«Армысың, әз-Наурыз!» айтысы ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, жас ақындарға шабыт берді. Төл өнеріміздің тамыры тереңде жатқанын тағы бір дәлелдеген бұл жыр сайысы Наурыз мерекесінің рухын асқақтатты.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»