Қарағандыда кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт салынады

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақ тұрғындарымен кездесуінде 2022 жылы өңірде бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Олардың бірі — кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, зауыт құрылысына 990 миллион теңге жұмсалады. Зауыт «Нәтиже тәтті» ЖШС-на тиесілі болады. Оны пайдалануға беру мерзімі — 2022 жылдың екінші жартыжылдығы. Бұл өндіріс кешені қалада 45 жұмыс орнын қамтамасыз етеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ 2022 жылдың соңында ЖБИ ауданындағы темірбетон бұйымдары мен газоблоктар шығаратын зауытты пайдалануға берудің бірінші кезеңі басталуы тиіс. Оның құрылысына «Ferrum Beton Prodacts» ЖШС 3 320 миллион теңге жұмсайды. Бұл жоба 70 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында қалада 10 жұмыс орнын қамтамасыз ететін «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС жаңа сервис орталығын пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар ферросилиций өндіретін зауыт — «YDD Corporation» ЖШС № 4 пешін іске қосу жоспарланған. Жоба қалада 40 жаңа жұмыс орнын ашады.

Бұдан бөлек қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шағын және орта бизнес субъектілері туралы айтып, аймақтағы жалпы кәсіпкерліктің 70%-дан астамын алатынын атап өтті.

— Өткен жылы біз кәсіпкерлердің жобаларын қолдап жұмыс істедік және 86 миллиард теңге сомасына 2000 жобаға қолдау көрсеттік. Қазір олар схемалармен жұмыс істеп, өз нысандарының құрылысын бастап жатыр. Қарапайым заттар экономикасы бойынша 21 миллиард теңгеге 19 жобаға қолдау көрсетілді. Биылғы жылы ШОБ субъектілерінің санын арттырып, дайын жобаларды пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді.

Әкімнің хабарлауынша, биыл Қарағандыда «Sky Plaza» СҮ, «Астана Моторс» СҮ және «Гүлжан» супермаркеті ашылады. Сондай-ақ ақпан айында «Технодом» СҮ және «Корзина» СҮ ашылды. Жалпы, бұл жобалар қалада 500-ге жуық жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Өз тілшімізден